Павлодарда болашақ аналарға ерекше кездесу ұйымдастырылды
Жүктілік пен ана болудың қырлары талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһарда жүкті әйелдерге арналған Baby Shower Party мерекелік-танымдық кездесуі ұйымдастырылды. Шара Жастар бастамаларын дамыту орталығының «Шаңырақ» жобасы аясында өтіп, болашақ аналарға жүктілік, босануға дайындық және психологиялық қолдау туралы пайдалы ақпарат ұсынды.
Орталықтың қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі Жаслан Бейсеновтың айтуынша, кездесудің басты мақсаты – жүкті әйелдерге өздерін толғандырған сұрақтарын мамандармен еркін талқылауға мүмкіндік беру. Ұйымдастырушыларға шараға қатысу үшін 180-нен астам өтінім түскен.
– Бүгін төрт спикер сөз сөйлеп, қатысушыларға түрлі бағыт бойынша кеңес береді. Мамандардың баяндамасынан кейін лотерея ұйымдастырылады. Әр қатысушы демеушілер дайындаған сыйлықтардың бірін алады, – деді ол.

Кездесуге акушер-гинеколог, психолог және басқа да бағыттағы мамандар шақырылды. Олар жүктілік кезіндегі денсаулықты бақылау, босануға психологиялық дайындық және ана болудың алғашқы кезеңіне қатысты маңызды мәселелерді қозғады.
Акушер-гинеколог Әйгерім Данкинаның сөзінше, жүктілік кезінде дәрігер бақылауынан уақытылы өтіп, қажетті талдауларды тапсыру ана мен баланың денсаулығы үшін аса маңызды.
– Болашақ аналарға ең алдымен дәрігерге міндетті түрде уақытылы қаралып отыруға кеңес беремін. Кейбір әйелдер тексерілуге кешігіп, қажетті талдауларды уақытында тапсырмайды. Ал қандай да бір өзгеріс немесе шағым байқалса, оны дәрігерге бірден айту керек. Егер қосымша аурулар анықталса, тиісті мамандарға жолдаймыз. Себебі әйелдің денсаулығындағы мәселелер жүктілікке де, баланың дамуына да әсер етуі мүмкін, – деді дәрігер.

Маман босанғаннан кейін де әйел денсаулығына көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, босанғаннан соң гинеколог пен терапевтке қаралып, қажетті қан және зәр талдауларын тапсыру, сондай-ақ контрацепция мен дәрумендер қабылдау мәселесін дәрігермен талқылау маңызды.
Шараны ұйымдастыруға «Мен туылдым (Я родился)» болашақ аналарға арналған тауарлар дүкенінің негізін қалаушы Әлия Шаймарданова да атсалысты. Ол кездесуге бірқатар отандық және халықаралық брендтер мен қызмет көрсету орындарын серіктес ретінде шақырған.
Олардың қатарында Maxi Drive, «Алтын бала», қазақстандық Huggies бренді, Павлодардағы «Томика» дүкені, «Крепыш Ньюборн» ерте жүзу мектебі, фотограф Марина Ефимова, нәрестелерге массаж жасайтын маман Дана Болатова және «КазМед Павлодар» зертханасы бар. Қатысушыларға ұсынылған сыйлықтарды серіктестер мен ұйымдастырушылар бірлесіп дайындаған.

Baby Shower Party аясындағы кездесу болашақ аналарға мамандардан кеңес алып қана қоймай, өзара тәжірибе алмасуға және ана болуға жағымды көңіл күймен дайындалуға мүмкіндік берді.