Жол ақауы: Павлодар полицейлері 200-ден астам кемшілікті әшкереледі

Жол ақауы: Павлодар полицейлері 200-ден астам кемшілікті әшкереледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірдегі автомобиль жолдарының сапасы мен қысқы күтімін тексерген тәртіп сақшылары ондаған лауазымды тұлғаны жауапқа тартты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық жол-техникалық инспекция қызметкерлері автомобиль жолдарының жай-күйіне мемлекеттік бақылау мен қадағалауды тұрақты негізде жүзеге асырып келеді. Бұл жұмыс кешенді, тоқсан сайынғы, нысаналы және бақылау тексерулерін жүргізу, сондай-ақ нұсқаулықтар мен белгіленген нормативтерге сәйкес күнделікті қадағалау арқылы атқарылады.

– Тек қаңтар айында жалпы ұзындығы шамамен 3045 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарында 140 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 203 жол ақауы анықталды. Жолдарды тиісті деңгейде ұстамағаны үшін 24 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ техникалық ақауы бар көлікті пайдалануға шығарғаны және бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған тұлғаға көлік басқаруға рұқсат бергені үшін сегіз адам жазаланды, – деді облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бәкібай Ахмедьянов.

Ведомствода атап өткендей, жол-техникалық инспекциясы жол қызметтерімен күн сайын өзара іс-қимыл жасап, автомобиль жолдарының жай-күйі мен қысқы күтіміне тұрақты бақылау жүргізуде. Әсіресе ауа райы қолайсыз кезеңдерде – қар жауу, боран және көктайғақ кезінде қадағалау жұмыстары еселеп күшейтіледі.