Жолдағы қауіп: Павлодарда өлімге әкелетін апаттардың себептері аталды

Жолдағы қауіп: Павлодарда өлімге әкелетін апаттардың себептері аталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Облыстық полиция департаментінің анықтау басқармасы жол апаттарының себептеріне талдау жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Басқарма басшысы Қабдылманап Әкебаевтың айтуынша, қайғылы жағдаймен аяқталатын жол-көлік оқиғаларының негізгі себептеріне арақашықтықты сақтамау, қауіпті жағдайда басып озу, жолды белгіленбеген жерден кесіп өту, қарсы бағытқа шығу, жаяу жүргіншілерге жол бермеу жатады. 

– Павлодар облысында 2026 жылы жол-көлік оқиғаларының жалпы саны азайғаны байқалады. Биыл 188 жол апаты тіркелсе, өткен жылдың осы кезеңінде 234 жағдай тіркелген. Қаза тапқандар саны, өкінішке қарай, айтарлықтай азайған жоқ. Атап айтқанда, 13-тен 10 адамға дейін төмендеді. Сондай-ақ жарақат алғандар саны да азайды – 323-тен 283 адамға дейін, – деді полиция өкілі. – Сонымен қатар, биыл кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған жол апаттары көбейгені байқалады: 49 дерек тіркеліп, 56 бала жарақат алды, екеуі қаза тапты.

Сонымен қатар, жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының саны артқан, соның салдарынан зардап шеккендер саны көбейген. Мас күйінде көлік басқарған жүргізушілердің кінәсінен үш жол апаты тіркеліп, бір адам қаза тауып, сегіз адам түрлі жарақат алған.

Жыл басынан бері облыстық полиция департаментінің өндірісінде жол-көлік оқиғаларына қатысты 56 қылмыстық іс тіркелген.

Бұл ретте Қабдылманап Әкебаев ең күрделі істердің біріне тоқталды. Өткен жылдың қыркүйек айында Екібастұзда бес адамның өмірін қиған жол апаты орын алды. Көлік өртеніп кеткендіктен, қаза тапқандар мен зардап шеккендердің жеке басын анықтау айтарлықтай қиындық туғызған. Тергеу әлі жалғасуда, іс сәуір айында сотқа жолданады деп жоспарлануда. Қиындықтың тағы бір себебі – кінәлі жүргізушінің өзі де қаза тапқан.

Ал жол апатынан кейін оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушілерге қатысты полиция олардың бәрібір анықталатынын атап өтті. Мұндай жағдайларда іздестіру шаралары жүргізіліп, сараптамалар тағайындалады. Нәтижесінде кінәлі тұлға анықталады. Сонымен қатар, мұндай фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 347-бабы – «Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу» бойынша қосымша қылмыстық іс қозғалады.