Жүз шақырым жолдан өткен павлодарлық студент туған ауылында дауысын берді
Ол алғаш рет сайлауға қатысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысында сайлаушылардың қатары жастармен артып келе жатыр. Олардың арасында– 18 жастағы Ақтоғай ауылының тумасы Арман Ерғалиев. Аудан әкімдерінің тікелей сайлауы жас ер азаматтың алғашқы сайлау науқаны екен. Арман туып өскен жерінде дауысын беру үшін Павлодар қаласынан арнайы келген болатын. Болашақ IT-маман сайлау учаскесіне өзінің ата-анасымен бірге барған.
– Мен оқуды бітіргесін ауылыма оралып, оның дамып, гүлденуіне өз үлесімді қосқым келеді,– деп мойынады Торайғыров университетінің студенті.
Айта кетейік, Ақтоғай ауданында 28 сайлау учаскесі кешкі сағат 20:00-ге дейін ашық болады. Жалпы 8480 адам өз дауысын береді. Оның ішінде алғаш рет сайлауға 108 жас азамат қатысуда. Дәл осындай аудан әкімін сайлау барысы Железин және Шарбақты аудандарында өтуде.