ІІМ: Жүргізушілер үшін жаңа талаптар енгізілген жоқ
Министрлік міндетті медициналық тексеруге қатысты өзгерістерге түсініктеме берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ведомство «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген өзгерістерге байланысты жаңа талаптар енгізілмегенін мәлімдеді.
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Каринаның айтуынша, жүргізушілердің міндетті медициналық тексеруден өту талабы 2014 жылдан бері қолданыста. Қазіргі өзгеріс тек мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін біріктіруге қатысты.
– Қазір Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелері өзара біріктірілді. Соның арқасында міндетті медициналық тексеруден өткені туралы мәліметтер екі министрліктің жүйелері арасында автоматты түрде беріледі, – деді ол.
Министрлік 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар азаматтар үшін де талаптар өзгермегенін атап өтті. Олар бұрынғыдай екі жылда бір рет медициналық тексеруден өтеді. Тексеру нәтижесі автоматты түрде жүйеге енгізілетіндіктен, қосымша анықтама жинаудың немесе мемлекеттік органдарға жүгінудің қажеті жоқ.
– Сондай-ақ жүргізуші куәлігінің мерзімін ұзарту немесе бұл туралы ІІМ-ге жеке хабарлау талап етілмейді. Азаматтарға алаңдауға еш негіз жоқ. Ешқандай жаңа талап немесе артық құжат рәсімдеу енгізілген жоқ. Барлығы бұрынғыдан да ыңғайлы және қарапайым түрде, – деді Құралай Карина.
Сонымен қатар ведомство әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқаны үшін заңда жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
ІІМ азаматтарды жол қозғалысына қатысты өзгерістер жөніндегі ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға шақырды. Министрліктің мәліметінше, бұл халық арасында жаңсақ пікірдің таралуына жол бермей, заңнамадағы өзгерістерді дұрыс түсінуге мүмкіндік береді.