Қандай есімдерді өзгерту керек? Павлодарлық діни қызметкердің жауабы

Қандай есімдерді өзгерту керек? Павлодарлық діни қызметкердің жауабы
Фото: Константин Шелков

Мағынасы дінімізге қайшы келетін, мазаққа айналатын, бала ұялатын есімдерді өзгерту керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жаңадан өмір есігін ашқан нәрестеге жақсы есім қоюдың маңызы аса зор. Қазақта: «Жақсы сөз - жарым ырыс» деген қанатты сөз бар. Ұлтымыз ежелден жаңа туған сәбиге ерекше мейіріммен қараған. Ұрпақ тәрбиесіне аса жауапты болған. Бала тәрбиесін тал бесіктен бастаған. Ең алдымен жақсы есім қоюдың маңызды екендігін жете түсінген.

Павлодар облысының пәтуаға жауапты маманы Есімбек Советұлының айтуынша, дінімізде балаға көркем әрі мағынасы дұрыс есімді қоюды талап етеді.

– Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), әрдайым мағыналы, жақсы ат қоюға шақыратын. Мұның мәнін: «Сендер қиямет күні өз есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар. Олай болса, балаға әдемі есім қойыңдар» деп, Алланың алдына шақырылғанда жақсы есіммен шақырылуға назар аудару керектігін түсіндіретін (Әбу Дәуіт), – дейді дін маманы.

Сондай-ақ, Айша анамыздан (Алла разы болсын) жеткен хадисте пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мағынасы жаман есімдерді өзгерткен. Мысалы, «оттың шоғы» деген мағынаны білдіретін «Жәмра» есімді әйелдің атын «әдемі» деген мағынаны білдіретін «Жәмилә» деген есіммен ауыстырған. Сол сияқты «соғыс» деген мағынаны білдіретін Харб есімді ер кісінің атын «жақсы» деген мағынадағы «Хасан» деген атпен өзгерткен. Демек, Пайғамбарымыз қойылған есімдердің мағынасына үлкен мән берген. 

Халқымыздың ат қою үрдісінде қасиетті Құраннан есімдер қою көбірек кездеседі. Бұл асыл дінімізге деген құрмет, әрі баланың болашағына деген ырым және Ұлы жаратушыға деген шексіз махаббаттың белгісі болса керек. 

Балаға есім таңдаудағы талғампаздықтың ар жағында халқымыздың болашаққа деген сенімі мен ерік-жігерінің көрінісін байқауға болады.