Қар құрсауында қалған дәрігерлерді павлодарлық құтқарушылар діттеген жеріне жеткізді

Қар құрсауында қалған дәрігерлерді павлодарлық құтқарушылар діттеген жеріне жеткізді
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Олар 4 жасар балаға көмекке бара жатқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше,  түнде Ертіс ауданында «Атамекен – Ертіс – РФ шекарасы» автожолында қар құрсауында қалған  көліктер шығарылды. Онда 7 адам болған.  Арасында қар тазалау техникасының жүргізушісі де бар. Олардың барлығы Ертіс ауылына жеткізілді.

Шарбақты ауданында қар құрсауында қалған автокөлікті сүйреп шығарды. Оның ішінде 6 адам болған. Олар Шарбақты ауылына жеткізілді. Ал Байет ауылына кіреберіс жолда құтқарушылар жолдан шығып кеткен көлікке көмектесіп, 4 адамды елді мекенге дейін жеткізді.

Павлодар ауданында 2 жолаушысы бар көлік те қар құрсауында қалған. Олар Черноярка ауылына жеткізілді.

Сондай-ақ Екібастұз қаласында құтқарушылар жол талғамайтын көлікпен дәрігерлерге Құрылысшы ауылындағы төрт жастағы балаға жетуге көмектесті.

ТЖ мамандары азаматтарды қолайсыз ауа райы кезінде елді мекендерден тыс жерге шықпауға шақырады.