Қаражарда мектеп оқушысы телефон алу үшін нан пісіруді кәсіп етті
Ол әке-шешесінен ақша сұрамай, өз еңбегімен табыс табуды жөн көрді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қаражар негізгі мектебінің 8-сынып оқушысы Ерасыл Қанат қатарластары секілді компьютерлік ойындарды ұнатады, физика мен тілдерді қызығып оқиды. Үйде ата-анасының қолқанаты, екі қарындасына қамқор аға болып отырған ол, кешкісін өз алдына шағын «наубайхана» иесіне айналады.
– Ерасылдың үлкен арманы бар – ол соңғы үлгідегі телефон сатып алу. Көптеген жасөспірімдер үшін бұл ата-анасынан сұрап алатын жай ғана гаджет болса, Ерасыл үшін – нақты ақсат. Ол қымбат телефонды әке-шешесінен сұрамай, өз еңбегімен ақша тауып алуды ұйғарған. Ал бұл арманына жету үшін оған 17 мың дана бөлке нан сатып өткізу керек. Қазірдің өзінде жас наубайшы күніне 50-70, кейде 100-ден астам бөлке нан пісіреді, – деді Павлодар облысының білім басқармасында.
Дайын өнімдерін кешкісін ауылдағы 5-7, кейде 10-нан астам үйге жеткізіп береді. Тіпті ауылдастарынан жеке тапсырыстар да түсе бастаған. Ерасылдың тәтті нандарына сұраныс жоғары.
Анасы Зура Сапаровна – орыс тілі пәнінің мұғалімі. Ол ұлының бойындағы еңбекқорлық қасиеттің қалыптасуына отбасылық тәрбие зор әсер еткенін айтады. Зура ханым бос уақытында тігіншілікпен айналысады, сондықтан ұқыптылық пен жауапкершілік – бұл шаңырақтың басты ұстанымы. Ал әкесі табиғатты суретке түсіргенді ұнатады, ауыл көріністері мен жануарларды таспаға басады.
– Мұндай шығармашылық орта Ерасылдың қиялын ұштап, жан-жақты болып өсуіне септігін тигізуде. Ол кейде сабырлы, кейде қыңырлау болса да, өте мейірімді, алғыр әрі мақсатына берік бала. Қазір ол тек телефон үшін ғана емес, өз ісін кеңейту үшін сапалы пеш сатып алуды да армандайды, – деді ведомствода.
Мұғалімдердің айтуынша, қарапайым ауыл баласының табандылығы бүгінде көпке үлгі. Оның бұл ісі арманға жетер жолдың адал еңбектен басталатынын дәлелдеп отыр.