Павлодар облысын су алу қаупі жоғары

Павлодар облысын су алу қаупі жоғары
Фото: Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Республикалық жолдарда су тасқынының алдын алу бойынша жұмыстар атқарылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы баспасөз қызметінің мәліметінше, аталмыш жұмыстарға 706 бірлік техника мен 1680 адам жұмылдырылды.

9 сәуірдегі сағат 17:00-дегі жағдай бойынша халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында ауа райының жылынуы мен қардың тез еруі салдарынан Ақмола, Атырау, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында 7 жол жүру учаскесінде жалпы ұзындығы 3,4 шақырым болатын су тасқыны орын алды. Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында республикалық маңызы бар 13 автомобиль жолдарында (ұзындығы 650 шақырым) көліктің барлық түріне бірқатар жолдарда шектеу қойылды.

ШҚО, СҚО, Павлодар, Қостанай, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында су алу қаупі жоғары. Филиал мамандары осы аумақта тәулік бойы бақылау орнатып, алдын алу шараларын атқаруда, – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.

Қоғамның су алу кезеңіне дайындық жұмыстары 100% пайызды құрайды. Бүгінгі күні қоғам тарапынан қажетті техникамен, инертті материалдармен, құммен және жолдағы қажетті ескерту белгілерімен қамтамасыз етілген.