Қазақстанда жерді жалға беру конкурсына жаңа ережелер күшіне енді

Енді павлодарлық фермерлер жер алу үшін бизнес-жоспар ұсынуы тиіс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 26 тамыздағы №518 бұйрығымен шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын беру жөніндегі конкурс ұйымдастыру және өткізу ережелеріне өзгерістер енгізілді. Жаңа талаптар 2025 жылғы 14 қыркүйектен бастап күшіне енді.
Негізгі мақсат – ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану және агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тартуды ынталандыру.
Жалпы жағдайлар (аквакультурадан басқа):
Конкурстық ұсынысқа міндетті түрде бизнес-жоспар қоса беріледі. Онда болжамды инвестиция көлемі, егістік алаңдары, мал басы, қолданылатын агротехнологиялар, техника мен білікті мамандардың болуы, сондай-ақ құрылатын жұмыс орындарының саны көрсетілуі тиіс.
Үміткерлер мынадай міндеттемелерді алады:
- шаруашылықішілік жерге орналастыру жобасын әзірлеу және орындау;
- ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту шараларын жүзеге асыру;
- жер заңнамасын сақтау, жерді ұтымды пайдалану және жайылымдарды тиімді қолдану;
- өңірдің мамандануына сәйкес егіс құрылымын әртараптандыруға арналған индикативтік көрсеткіштерді орындау.
Аквакультураға арналған талаптар:
Бұл сала үшін бизнес-жоспарда балық шаруашылығы инфрақұрылымы, қажетті жабдықтар, өсіру көлемі және аквакультура саласындағы мамандардың болуы көрсетілуі керек. Міндеттемелер ҚР жер және аквакультура заңнамасына сай болуы шарт.
Ескерту: ұсынылған бизнес-жоспар мен міндеттемелер жалдау шартының ажырамас бөлігі болады.
Конкурстық ұсыныстар инвестиция көлеміне, мал басына, техника мен жабдыққа, сондай-ақ мамандар санына қарай балдық жүйемен бағаланады.
– Суарылмайтын егістікке 1 гектарға 110 мың теңгеден жоғары инвестиция салған үміткер ең жоғары – 5 балл алады. Суармалы егістікке 1 гектарға 500 мың теңгеден жоғары инвестиция жасағандарға да 5 балл беріледі. Мал шаруашылығында 50 ірі қарадан немесе 300 ұсақ малдан жоғары мал басын ұстауға міндеттелгендерге – 10 балл. Техника мен мамандар санына қарай да қосымша балл беріледі. Аквакультурада инвестиция көлемі мен өсіру тоннасына байланысты ең жоғары 20 балға дейін беріледі, – деді облыстық жер қатынастары басқармасының баспасөз қызметі.
Жаңа талаптар жерді тек пайдалану емес, оны дамытуға мүдделі әрі жауапкершілігі жоғары инвесторларды тартуға бағытталған.