Павлодар облысында бір тәулікте өрт қауіпсіздігін елемеуден үш оқиға тіркелді
Негізгі себеп – ережелерді сақтамау, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында бір тәуліктің ішінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауынан үш оқиға болды. Оның екеуі қоқыс контейнерінің жануына, біреуі пеште қараусыз қалған тағамның түтіндеуіне байланысты.
Мамандардың айтуынша, өрттің шығуына кейде үлкен себептің қажеті жоқ. Пештің үстінде қараусыз қалған тамақ, толық сөндірілмеген темекі тұқылы немесе қоқыс контейнеріне тасталған бықсып жатқан қалдықтар адам өмірі мен мүлкіне қауіп төндіретін жағдайларға әкелуі мүмкін.
Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде қоқыс контейнерлерінде 129 өрт оқиғасы, ал пеште қараусыз қалған тағамнан болған 54 түтіндеу жағдайы тіркелген.
- Павлодар қаласындағы Торайғыров көшесінде қоқыс пен пластик контейнер жанған. Оқиға орнына №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жедел жетіп, өртті қысқа уақытта сөндірді. Бірнеше күн бұрын Екібастұз қаласындағы Беркімбаев көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйден түтін иісі шыққаны туралы хабарлама түскен. Өрт сөндірушілер түтіннің себебі пеште қараусыз қалған тағам екенін анықтады. Пәтер иесі Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - дейді мамандар.
Мамандардың айтуынша, мұндай шақыртулардың барлығы тұрғын үй секторында орын алады және оларды жою үшін едәуір күш пен арнайы техника жұмылдырылады. Кей жағдайда мұндай салғырттық ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Қарапайым сақтық шараларын орындау – адам өмірі мен денсаулығын, сондай-ақ мүлікті қорғаудың басты кепілі.