Қазақстанға АЭС не үшін керек?

Қазақстанның BAYTAQ жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев оның қандай тиімді тұстары бар екені жайлы айтты, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Оның пікірінше, заманауи АЭС қауіпсіз әрі қолайлы болмақ. 

 Елімізде АЭС салуға қатысты талқылау жүріп жатыр. Әрине, осы бағытта әртүрлі ой-пікірлер бар. Біздің мақсатымыз – елімізде таза ауа мен таза суды қамтамасыз ету, экологиялық таза өндірісті қалыптастыру. Әлемде  таза, жасыл энергия көзі атом энергиясы болып саналады. Дамыған елдер бұған әлдеқашан көз жеткізген. Себебі, климатты тұрақты ұстап қалу, қоршаған ортаны қорғау мәселесін тек атом электр станциясы ғана қамтамасыз ете алады, – деді Азаматхан Әміртай. 

Сондай-ақ ол атом электр станциясы ғылымның жетістігі екенін және бұл ғылымды дамыту керектігін жеткізді.  

 Көмір отыны энергиясының ауаға шығару қалдығы үлкен екені белгілі. Мысалы, Теміртау, Балқаш, Алматы, Астана сияқты қалаларда демалатын ауа жоқ. Біз АЭС энергиясы таза «жасыл энергия» деп санаймыз. Сол себепті халыққа осыны жеткізгіміз келеді. Халық соны түсінуі керек, – деді ол.

Еске сала кетейік, ҚР Ұлттық ядролық орталығы ядролық қауіпсіздік және атом энергетикасын дамыту бөлімінің басшысы Виталий Поспелов қазіргі заманғы атом станциялары туралы сараптамалық пікір білдірді. Сондай-ақ олардың жоғары қорғау және қауіпсіздік көрсеткіштерімен жасалғанына дәлел келтірді.