ІІМ аулада көлік қоюға тыйым салынатыны туралы ақпаратты жоққа шығарды
Көлік құралдарын тоқтату және тұраққа қою талаптары бұрынғы күйінде қалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Соңғы күндері әлеуметтік желілерде 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тұрғын үйлердің аулаларында көлік қоюға тыйым салынатыны туралы ақпарат тараған.
Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі мұндай мәліметтің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
– Көлік құралдарын тоқтату мен тұраққа қоюға қатысты талаптар бұрынғыдай өзгеріссіз қалады. Жол жүрісі қағидаларына бұл мәселеге қатысты ешқандай өзгерістер енгізілген жоқ, – деді ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.
Сонымен қатар ведомство қолданыстағы талаптарды еске салды. Оларға сәйкес көлік құралдарын гүлзарларға, көгалдарға, балалар және спорт алаңдарына қоюға және тоқтатуға тыйым салынады.
Министрлік жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жолда мұқият болуға және өзара құрмет танытуға шақырды.
– Ата-аналар мен заңды өкілдер балалардың мінез-құлқын бақылауды күшейтіп, көшеде қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидаларын үнемі түсіндіріп отыруы қажет, – деп атап өтті Шұғыла Тұрлыбек.
ІІМ өкілдерінің айтуынша, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу барлық қатысушылардың ортақ жауапкершілігі болып табылады.