Екібастұзда шығармашыл ауылдық округтер анықталды
Олар «Менің Қазақстаным!» байқауында бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Өнер» мәдениет сарайында өтrен шараны Екібастұз қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен «Атамұра» мәдениет орталығы ұйымдастырды. Ол Республика күнін кеңінен насихаттау, ауыл-аймақтардағы мәдениет, медицина, білім мекемелері ұжымдарының, ауыл тұрғындарының арасында патриоттық, отансүйгіштік қасиеттерді арттыру мақсатында ауылдық округтер арасында «Менің Қазақстаным!» атты қалалық шығармашылық байқауы өтті.
Байқауда Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл ауылдық округі «Ақкөл», З.Роща ауылдары, Төртқұдық ауылдық округі «Төртқұдық», Бозшакөл ауылдарымен қоса Шиқылдақ, Ә.Марғұлан ауылдарының өнерпаздары бір команда, Сарықамыс және Төртүй ауылдары, Қоянды ауылдық округі Бесқауға, Қоянды ауылдары, Теміржол ауылдық округі «Құлакөл», Құдайкөл ауылдары, Бәйет ауылдық округі «Бәйет», Атығай ауылдары және Солнечный, Шідерті кенттерінің өнерпаздары алдын ала бекітілген ережеге сәйкес үш бағыт бойынша сынға түсті. Олар «Менің туған өлкем» елді мекеннің тарихын презентация түрінде немесе бейнефильм (репортаж) форматында көрсетті. Ал «Менің Республикам – менің жерұйығым» аталымында театралдық қойылым әзірленді. Онда өңір ақындарының елге, жерге. қалаға, өңірге арнаған өлен шумақтарын мәнерлеп оқу, дәстүрлі әндер мен күйлерді және эстрадалық ән мен биді орындалды. Үшінші кезең «Менің Қазақстаным» қолөнер шеберлерінің көрмесі болды.
Қазылар алқасының шешімімен І орынды Қоянды ауылдық округі (Қоянды, Бесқауға ауылдары), ІІ орынды Ақкөл ауылдық округі (Ақкөл, Зеленая Роща ауылдары) иеленіп, жүлделі ІІІ орын Бәйет ауылдық округіне (Бәйет, Атығай ауылдары) табысталды.
Барлық қатысушылар дипломмен, Алғыс хатпен және қаржылай сыйлықпен марапатталды.
Фото - ұйымдастырушылардан.