Қоқыс пакетін жолда тастаған: Май ауданы тұрғынына айыппұл салынды

Қоқыс пакетін жолда тастаған: Май ауданы тұрғынына айыппұл салынды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ер адам асығыс болғанын айтқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Май ауданы Көктөбе ауылындағы учаскелік полиция инспекторы әкімшілік учаскені аралау кезінде қолындағы пакетін жол бойында қалдырып, қозғалысын жалғастырған ер адамды байқаған. Тәртіп сақшысы жақындағанда  пакетте тұрмыстық қоқыс бар екені анықталған.

Учаскелік  полиция қызметкері ер  адамды тоқтатып, пакетті неліктен жақын жерде орнатылған арнайы қоқыс контейнеріне дейін жеткізбегенін сұрағанда ер адам асыққанын және  пакетті  біреу ала кетеді деген үмітпен жол бойында қалдыруға шешім қабылдағанын айтқан. 

–  29 жастағы ауыл тұрғынына қатысты жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – деді департаментте.

Полиция ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы бойынша жалпыға ортақ пайдаланылатын орындардың, саябақтардың, скверлердің ластануы, оның ішінде белгіленбеген орындарда коммуналдық қалдықтардың шығарылуы 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатынын ескертеді. Егер бұл бұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеледі.