Құсжегіш өрмекшіден алабайға дейін: павлодарлық тұрғын зоотакси қызметін іске қосты
Сервис жануарлары бар азаматтардың логистикалық мәселелерін шешеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл қызметті жергілікті тұрғын Деонис Котенёв іске қосты. Ол үй жануарлары бар адамдардың еш қиындықсыз қажетті жерге жетуіне көмектесуді мақсат етеді.
Деонис такси саласында көптен бері жұмыс істейді және клиенттердің жануарлармен жол жүру мәселесін жақсы біледі. Жүргізшілердің көбі жануарларды тасымалдауға келісе бермейді. Себептері әртүрлі: аллергиядан бастап, жануармен бірге жүруге құлықсыздыққа дейін.
– Агрегаторлар арқылы танысқан тұрақты клиенттерім бар. Қазір олар тікелей хабарласып, жол жүруді келісіп аламыз. Төрт аяқты және қанатты жануарларды тасымалдау үшін арнайы рұқсат қажет емес, бірақ мен такси саласында өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде тіркелгенмін және салықты уақытылы төлеймін, – дейді Деонис.
Оның клиенттері арасында кішкентай мысықтардан бастап ірі алабайларға дейінгі жануарлар бар. Кейде ерекше тапсырыстар да түседі.
– Жақында қала тұрғынын тасымалдадым. Ол хабарландыру арқылы құсжегіш өрмекшіні сатып алған екен. Экзотикалық жәндік үлкен аквариумға орналастырылған. Мұндай сапарға әр жүргізуші келісе бермейді, бірақ мен үшін бұл – жұмысымның бір бөлігі әрі қызықты тәжірибе, – деп бөлісті ол.
Деонис – жануарларды жақсы көретін адам. Үйінде Герда есімді неміс овчаркасы бар. Сондықтан ол үй жануарларын ветеринарлық клиникаға немесе қонаққа еш қиындықсыз апарғысы келетін павлодарлықтарды жақсы түсінеді.
Зоотакси қызметіне сұраныс артып келеді. Павлодарлықтар көбіне жануарларын ветеринарлық клиникаға апару үшін пайдаланады, бірақ басқа бағыттар да бар. Кейде жануарды иесіз тасымалдау қажет болады, мұндай жағдайлар жеке келісіммен жүзеге асады.