Павлодарда бүлдіршіндер өздерін нағыз өрт сөндірушілердей сезінді

Облыстық балабақшаларда бірыңғай өрт қауіпсіздігі күніне арналған республикалық акция өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, шара Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күніне орай ұйымдастырылған.
Бастаманың негізгі мақсаты – жас ұрпаққа қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру.
Қалалық №104 балабақшадағы кездесу ересектермен диалогтан басталды. Өрт сөндірушілер мекеме қызметкерлеріне өрт қауіпсіздігі ережелерін, өрт сөндіргішті дұрыс пайдалану тәсілдерін және төтенше жағдайларда қалай әрекет ету керектігін еске салды.
Одан кейін жас зерттеушілердің кезегі келді. Мамандар балаларға эвакуация кезінде қандай қадамдарды орындау керектігін түсіндіріп, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
– Өрт сөндірушілердің жабдықтары мен арнайы құралдарын көрсету бүлдіршіндердің ерекше қызығушылығын оятты. Ұлдар мен қыздар жауынгерлік костюм киіп, өздерін нағыз өрт сөндірушілердей сезінді. Қызметкерлер ойын элементтері мен танымдық әдістерді қолданып, балаларға маңызды және қажетті ақпарат берді, – делінген хабарламада.
Іс-шара соңында викторина ұйымдастырылып, қатысушылар жылдамдық, ептілік пен зейінділіктерін сынады. Әрбір кезең балалардың қауіпсіздік ережелерін тереңірек түсінуіне бағытталған шағын қадам болды.
Айта кету керек, бүлдіршіндер өрт қауіпсіздігіне қатысты профилактикалық шараға ерекше қызығушылықпен қатысты. Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың бойында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға оң ықпал етеді.