Ұлыбританияда әлемдегі ең қарт адам тұрады

Ұлыбританияда әлемдегі ең қарт адам тұрады
Фото: bbc.com

Ұлыбританияның Мерсисайд графствосының тұрғыны Джон Тиннисвуд дүниеге келгеніне сәуірдің 5-інде 111 жас 223 күн болған.

Бұл туралы KAZINFORM ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Ол әлемдегі ең қарт адам атанды. Қарт ұзақ өмір сүруінің сырын жұма күндері британдық дәстүрлі тағам балық пен қуырылған картоп жеп, үнемі жаяу серуендейтінімен байланыстырды.

Тиннисвуд қазір Саутпорттағы қарттар үйінде тұрады. Ол «ақыл-ойды жаттықтыруға» және әр нәрседе «шек болуы керек» деген кеңес береді.

Ливерпуль футбол клубының жанкүйері Тиннисвуд 1912 жылы 26 тамызда Саутпортта дүниеге келген. Әйелі Блодвенмен Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде кездесіп, 1942 жылы үйленген.

1972 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Royal Mail, Shell және BP сияқты ірі компанияларда жұмыс істеді.

4 сәуір күні оған Гиннестің рекордтар кітабының сертификаты табыс етілді.

Айта кетейік, бұған дейінгі жер бетіндегі ең қарт адам — венесуэлалық Хуан Висенте Перес Мора сейсенбі күні 114 жасында қайтыс болды.