Ұйқы жоқ: Павлодарлықтар ойын автоматтарына шағымдануда

Мұндай жағдайда полиция инспекторына жүгінуге болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қаланың көптеген жерлерінде орнатылған бокс сөмкесі түріндегі электронды күш өлшеуіштер өте танымал, десе де, бұл барлығының көңілінен шыға қоймайды.
Қала тұрғындары түнде терезелерінің алдында орнатылған ойын автоматынан шығатын шудан ұйықтай алмайтындарын айтып шағымдануда.
– Күні-түні гуілдеп тұрады. Қазір күн жылы, терезелер ашық, бұл дыбыстар тыныш өмір сүруге мүмкіндік бермейді. Оның жанында жастар жиналып, соққылай бастайды. Әбден мезі болдық, – деп шағымдануда тұрғындар.
Полиция департаменті бокс соққышы бар ойын автоматының тәулік бойы жұмыс істеу фактісі бойынша тұрғындар учаскелік полиция инспекторына (сағат 22.00-ден 06.00-ге дейін тыныштықты бұзу уақыты болып есептеледі) нақты уақытты көрсете отырып, сапалы фото және видео фиксациямен жүгінуі қажет екенін хабарлайды.
Осыдан кейін учаскелік полиция инспекторы тыныштықты бұзу фактісі бойынша иесін әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінде шаралар қабылдайды. Сондай-ақ құқық бұзушылықтың себептері мен жағдайларын жою туралы ұсыныс жасайды.
Себептер мен жағдайлар жойылмаған жағдайда құқық бұзушы 10 АЕК мөлшерінде айыппұл сала отырып, қабылданған шаралар туралы хабарламағаны немесе құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою жөнінде шаралар қолданбағаны үшін жауапқа тартылады.