Ұзақ күткен: Павлодарлық тұрғын бірнеше адамға донор болды
Барлық операция сәтті өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, санитарлық авиация күштерінің көмегімен және бірнеше қызметтердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде бірден тоғыз пациентке ағзаларды трансплантаттау бойынша операциялар жүргізілді.
Алматы қаласының Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығында бауыр трансплантаттау, Астана қаласының Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығында жүрек пен өкпені трансплантаттау, ал Астана қаласының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында екі балаға бүйректі трансплантаттау жүргізілді.
– Қолайсыз метеожағдайлардың кардиобригаданы Павлодар қаласына тасымалдауын кешіктіргеніне қарамастан, Астана қаласының Ұлттық ғылыми онкология орталығында ересек адамға және Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында баланың бүйрегін трансплантаттау жүргізілді. Пациенттердің денсаулығы қанағаттанарлық, – дейді министрлікте.
Дәрігерлердің айтуынша, Өскемен және Павлодар қалаларынан келген екі донордың арқасында күту парағында ағзаларды трансплантаттауды ұзақ уақыт күткен тоғыз пациенттің үміті қайта жанды.
Денсаулық сақтау министрлігі, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы, Ұлттық ғылыми онкология орталығы, Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық, республикалық трансплантаттауды үйлестіру орталығының өңірлік трансплантаттау үйлестірушілері мен жоғары технологиялық медициналық қызметтердің үйлесімді іс-қимылдары трансплантаттау операцияларын сәтті жүргізуге мүмкіндік берді.
Ағзаларды қысқа мерзімде трансплантаттау бойынша виртуоздық жұмысты трансплантолог хирургтар мен осы қызметтің барлық мамандар тобы өз міндеттерін шеберлікпен орындады.
Айта кетерлігі, ағзаларды транспланттау жөніндегі іс-шараларға Павлодар және Өскемен қалаларының денсаулық сақтау ұйымдарының барлық медицина қызметкерлері, ЖПҚ қызметтері, сондай-ақ «ҚТЖ» ҰК» АҚ және Павлодар қаласы әуежайының басшылары күрделі метеожағдайларда трансплантолог дәрігерлер бригадаларының жүріп-тұруына қолдау көрсеткен.