Сақтандырылмаған павлодарлықтарды МӘМС жүйесіне қосылуға шақырады

Сақтандырылмаған павлодарлықтарды МӘМС жүйесіне қосылуға шақырады
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Осыған орай арнайы штабтар қызмет етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КАҚ-ның облыс бойынша филиалының директоры Жангелді Шаймбетов мәлім етті. 

– Сақтандыру жүйесіне адамдарды тарту үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен өңірлік штаб құрылды. Соңғы бір айдағы жұмыстың нәтижесінде облыста 2824 адамның мәртебесін «сақтандырылған» деп өзгертуге мүмкіндік туды, – деп атап өтті ол. 

Облыстық еңбек мобильділігі орталығының директоры Меруерт Есембаеваның сөзінше, қалалар мен аудандарда жұмыспен қамту орталықтарында тіркелмеген сақтандырылмаған жұмыссыздарды және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды МӘМС жүйесіне тарту бойынша жұмыс қарқынды жүргізілуде.

– Жұмыссыздар мансап орталығына барып, мемлекеттік қолдау түрлерімен пайдалана алады. Атап айтқанда, тұрақты жұмыс орнына орналасу, әлеуметтік жұмыс орын беру, қысқа мерзімдік оқытудан өту, мемлекеттік грант беру және тағы да басқа шаралар бар,– деп атап өтті спикер.   

Әлеуметтік қызметтің деректері бойынша, мансап орталықта тіркелмеген жұмыссыздардың саны – 4 844 адам, үй шаруасындағы – 805 әйел, өзін-өзі жұмыспен қамтыған – 280 тұрғын бар. 

Сақтандыру жүйесіне тұрғындарды тарту үшін бірқатар бағыттар бойынша жұмыс жалғасып келеді. Қалалар мен аудандар штабтары халық арасында экономикалық белсенді және еңбекке жарамсыз адамдарды анықтау бойынша жұмыс жүргізеді. Яғни, оларды жұмыспен қамту мәселесімен айналысады және жеңілдік санаттарының тізіміне енгізеді. Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік кіріс органдарымен өзара іс-қимылы арқылы бейресми жұмыспен қамтылған халықты тарту. МӘМС бойынша төлемдерді уақтылы жүргізбейтін жұмыс берушілермен мемлекеттік кірістер органдарын жұмылдыру.  

Сақтандырылған адам медициналық қызметтердің көлемі мен құнымен шектелмей, МӘМС пакетінде медициналық көмек ала алады. Оған бейінді дәрігерлердің консультациялары, түрлі талдаулар мен диагностикалық тексерулер: рентген, ультрадыбыстық, КТ, МРТ, жоспарлы емдеуге жатқызу, медициналық оңалту, жоғары технологиялық медициналық көмекті қолдана отырып емдеу, аурулардың алдын алу және диагностикалау кіреді.