Қаныш Сәтбаевтың мерейтойы: Павлодар облысында 100-ден астам киіз үй тігіледі

Қаныш Сәтбаевтың мерейтойы: Павлодар облысында 100-ден астам киіз үй тігіледі
Фото: Константин Шелков

Баянауылда өтетін іс-шарада арнайы шақырылған эстрада жұлдызы ән шырқайды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан геолог-ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың мерейтойына арналған салтанатты іс-шаралар 16-17 тамыз күндері өтетінін мәлім етті.

16 тамыз күні Павлодар қаласы Достық үйінде «Академик Қаныш Сәтбаевтың мұрасы: Данышпанның феномені және Қазақстан ғылымының дамуына қосқан үлесі» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады. 

– Конференция шеңберінде геология бағыты бойынша конкурстың жеңімпаздары жеті жас ғалымға тағайындалған облыс әкімінің гранттары табысталатын болады. Гранттар беруді жыл сайын өткізуді алдын ала жоспарлап отырмыз, – деді басқарма басшысы. 

 Сонымен қатар, 16-17 күндері Баянауыл ауылы С.Торайғыров атындағы мәдени ойын-сауық орталығында республикалық ақындар айтысы өткізіледі.  

– 17 тамыз күні үлкен той өтеді. Онда 100-ден аста киіз үй тігілген этгоауыл болады. Биылғы жылы мерейтойы аталып отырған Жүсіпбек Аймауытовтың ауылы, Әлкей Марғұланның, Шәкен Аймановтың ауылдары болып бөлінеді деп күтілуде, – деді Медет Тауасқан. 

Сол күндері этноауыл алаңында Өзбекстан, Қырғызстан және еліміздің басқа облыстарынан қатысатын Ортаазиялық Халықаралық қол өнершілерінің жәрмеңкесі өтеді деп күтілуде. 

17 тамыз күні Баянауыл ауылы С.Торайғыров атындағы мәдени ойын-сауық орталығында екі бірдей кітаптың тұсауы кесілсе, екі кітаптың қайта таныстырылымы өтеді: Шәкен Аймановтың 110 жылдығына арналған «Сұңғыла» атты кітабы, Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған Аспанбек Шұғатаевтың «QANYSHAME» кітабы. Сонымен қатар, Әлкей Марғұланға арналған энциклопедияның, Жүсіпбек Аймауытовтың өміріне арналған кітаптың тұсаукесері өтеді. 

Бұдан бөлек, бағдарламаға сәйкес басты сахнада Иса Байзақов атындағы облыстық филармониясы әртістерінің, облыс өнерпаздарының және арнайы шақырылған эстрада жұлдызының қатысуымен концерт болады.

Баянауыл ауданы Мұса Шорман ауылы, Қаныш Сәтбаев туған жеріне зиярат етіп, Лекер ауылының маңында, Ж.Аймауытов ашқан «Мәдени кіндік» ауылының орнына белгітас қойылады.

Айта кетейік, академиктің 125 жылдығына орай жыл басынан бері 300-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Әлі де жыл соңына дейін 100-ден аса шара өткізілмек.