Париж Олимпиадасы: Павлодарлық спортшы Қазақстанның туын көтереді
Ұлттық құраманың Ту ұстаушылары болып боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафронова таңдалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрама мүшелерімен кездесіп, оларға Мемлекеттік Туды табыс етті. Президент ел намысын қорғау жауапты да абыройлы парыз екенін атап өтті.
– Біз сіздерге үлкен үміт артамыз. Отандық спорт мектебінің беделі қашан да биік. Спортшыларымыз атамекенге жүлдемен оралатыны сөзсіз. Сіздердің осы даңқты жолды абыроймен жалғастырып, жетістіктеріңіз бүкіл Қазақстанның жеңісіне айналатынына сенімдімін. Биікте желбіреген көк Туымыз барша халқымыздың рухын асқақтата түсетіні сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның даңқын асқақтатқан спортшылардың есімдері тарихта мәңгілікке жазылғанын айта өтті. Еліміздегі үздік спорт нысандарына Балуан Шолақ, Қажымұқан Мұңайтпасов, Жақсылық Үшкемпіров, Александр Винокуров, Бекзат Саттарханов, Ольга Рыпакова есімдері берілген.
Павлодарлық спортшы Ольга Сафронова үшін бұл төртінші ойын болмақ. Павлодарлық спортшы алғаш рет 2012 жылы Лондонда жарысқа қатысып, 100 метрге жүгіруде 24-орын көрсетті. Париждегі ойындарға дейін спортшы Өзбекстан астанасында өткен Silk Road to Paris халықаралық жеңіл атлетика жарысында 200 метрге жүгіруде алтын жеңіп алды. Ол бұл қашықтықты 23,07 секундта жүгіріп өткен.