Қарт павлодарлықтардың цифрлық сауаттылығы сынға түспек

Қарт павлодарлықтардың цифрлық сауаттылығы сынға түспек
Фото: автор

Негізгі мақсат – егде жастағы адамдарды алаяқтар шабуылдарынан қорғау, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева егде жастағы азаматтарға арналған жаңа бастама туралы мәлімдеді.

Оның айтуынша, жақын уақытта интернет, әлеуметтік желілер мен гаджеттерді пайдалану бойынша «Күміс лига» атты ауқымды онлайн олимпиада өтеді. Жоба аясында қатысушылар үшін түрлі ынталандыру шаралары қарастырылған.

Депутаттың атап өтуінше, бұл бастаманың басты мақсаты – аға буын өкілдерінің цифрлық сауаттылығын арттыру. Яғни, олар смартфондар мен басқа да құрылғыларды еркін әрі дұрыс қолдана алуы тиіс. Себебі көптеген ата-аналар мен қарт адамдар алаяқтықтан қорқып немесе қолдануды білмегендіктен гаджеттерден бас тартып жатады.

Екатерина Смышляева ханымның пікірінше, алаяқтар үшін ең осал топ – егде жастағы адамдар. Сондықтан оларды цифрлық ортаға бейімдеу, қауіпсіз қолдануды үйрету – маңызды міндеттердің бірі.

Бұл бастама «Цифрлық қоғам» партиялық жобасының маңызды бөлігі болып табылады.

Сонымен қатар, депутат қоғамда оң өзгерістермен қатар «цифрлық шаршау» құбылысы да байқалып отырғанын атап өтті. Бұл – технологиялардың жылдам енгізілуі мен халықтың дайындық деңгейі мен инфрақұрылымның жеткіліксіздігі арасындағы алшақтықтан туындайтын мәселе.

Күні кеше Павлодар облыстық мәслихатында Павлодар облыстық филиалының Саяси кеңес бюросы мен «AMANAT» партиясының парламенттік фракциясының бірлескен отырысы өтті. Қатысушылар аймақтың цифрлық трансформациясын, жасанды интеллект технологияларын енгізуді, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен өмір сүру сапасын жақсартуға қатысты мәселелерді талқылады.