Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтады
Фото: Ақорда

7 мамырда жыл сайын атап өтілетін Отан қорғаушы күні ерекше мемлекеттік және қоғамдық маңызға ие, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі aqorda_resmi сайтына сілтеме жасап.

Президент мемлекеттік әрі қоғамдық маңызы айрықша мерекеде жауынгерлеріміздің ерен ерлігі, мықты рухы мен қайтпас қайсарлығы кеңінен дәріптелетінін атап өтті.

– Бұл – Қазақстанның қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен тыныштығын күндіз-түні кірпік қақпай күзеткен, сондай-ақ қазір Отан алдындағы борышын адал өтеп жатқан барша азаматқа құрмет көрсетілетін күн. Ел жауынгерлері мен командирлері батыр бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып, нағыз отаншылдық рухының жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Сардарлар мен сарбаздардың, барлық күштік құрылым қызметкерлерінің бітімгерлік миссиялар, арнаулы оқу-жаттығу жиындары мен түрлі халықаралық сайыстар кезіндегі кәсіби шеберлігі, темірдей тәртібі мен жауынгерлік даярлығы – соның айқын дәлелі, – деді ол.

Мемлекет басшысы қуатты әскеріміз ең күрделі міндеттерді орындауға қашанда дайын екені сөзсіз екенін алға тартып, сондықтан мемлекет еліміздің қорғаныс қабілетін күшейтуге және әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға әрдайым баса мән беретінін атап өтті. 

– Жаңа Конституцияда «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әр азаматының қасиетті парызы мен міндеті» деп жазылды. Осы аса маңызды тұжырым мемлекет пен халықтың тығыз байланысын, ел тағдырына әрбір отандасымыздың жауапты екенін аңғартады. Біз Отанға қалтқысыз қызмет ету қағидатын және Конституцияда айқындалған мызғымас құндылықтарды негізге ала отырып, сан ғасырлық тарихы бар мемлекеттілігіміздің тұғырын нығайта түсеміз, биік мақсат-мұратымызға жетіп, Әділетті, Күшті, Қауіпсіз Қазақстанды құрамыз. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Ол антына адал болып, табандылық танытып, мінсіз қызмет етіп жүрген Отан қорғаушыларға алғыс айтып, мықты денсаулық, амандық және табыс тіледі.