ҚР Президенті: Қызылорданы сол әйгілі қалалардың заңды жалғасы дей аламыз

ҚР Президенті: Қызылорданы сол әйгілі қалалардың заңды жалғасы дей аламыз
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ұлттық құрылтайдың пленарлық отырысы басталды.

–  Жаңа ғана сөз сөйлеген Құрылтай мүшелері маңызды ой-пікірлер айтты. Құрылтайдың аясында пайдалы пікір алмасу өтті. Барлығы еліміздің дамуына қажетті боларына сенемін. Бүгін Ұлттық құрылтай жиыны осымен бесінші рет шақырылып отыр. Бұл форумның алғашқы отырысы ұлт ұясы Ұлытауда өтті. Екінші жиын түбі бір түркі жұртының қара шаңырағы Түркістанда болды. Үшінші отырыс бірегей Атырау аумағында ұйымдастырылды. Ал былтыр тарихи бай Көкшетау төрінде жиналдық. Енді міне қастерлі Қызылорда жерінде бас қосып отырмыз. Бұл халқымыз үшін орны ерекше аймақ. «Сыр алаштың анасы» деген аталы сөз бар, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шірік-Рабат, Жанкент, Алтынасар, Баршынкент қалаларының орны көне заманның өзінде қазақ жерінде дамыған қала өркениеті болғанын аңғартатынын жеткізді.

– Қызылорданы сол әйгілі қалалардың заңды жалғасы дей аламыз. Бұл шаһардың тарихи мән-маңызы айрықша. Оның осыдан 1 ғасыр бұрын Қазақстан астанасы болғаны баршаға мәлім. Бұл жерде еліміздің болашағына қатысты аса маңызды шешімдер қабылданды, - деді Президент.

Айта кетейік, екі күнге жалғасқан жиында құрылтай мүшелері ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын өзекті мәселелерді талқыға салады.