Қасым-Жомарт Тоқаев әскерді реформалау жоспарын әзірлеуге 10 күн берді

Қасым-Жомарт Тоқаев әскерді реформалау жоспарын әзірлеуге 10 күн берді
Фото: Ақорда

Құжат қазан айының екінші жартысында Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақорданың мәліметінше, Президент – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен кеңес өткізді. Жиында Мемлекет басшысы жаңа Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметовті таныстырды.

Кеңес Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшіні бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Президент олардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетілетінін айтты.

Мемлекет басшысы болған оқиғаға қатаң баға беріп, қайғылы жағдайға офицерлердің, оның ішінде генералдардың салғырттығы мен кәсіби біліксіздігі себеп болғанын мәлімдеді. Ол оқу-жаттығудың не үшін жоспарланғанын және қойылған міндеттердің қазіргі қауіп-қатерлерге қаншалықты сәйкес келгенін анықтауды талап етті.

– Жауапсыздық, салғырттық, көзбояушылық белең алған. Жүйелі жұмыс жоқ. Дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл жоспары сын көтермейді. Мұның бәрі – әскери ведомство басшылығының немқұрайдылығының салдары, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, оқу-жаттығуға қатысқан әскери қызметшілер тиісті жабдықтармен, оның ішінде арнайы құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмеген.

Қазір Қорғаныс министрлігіндегі жағдайға кешенді тексеру басталды. Оның барысында әскери қызметті ұйымдастыру, әскерді жабдықтау, материалдық және қаржылық қамтамасыз ету мәселелері зерделенеді. Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева басқаратын комиссия заң бұзушылықтарды анықтап, жауапты тұлғаларды айқындауға тиіс.

Мемлекет басшысы болған оқиға армиядағы жүйелі проблемаларды көрсеткенін айтып, Қарулы Күштерді түбегейлі реформалауды тапсырды.

– Біздің армия өткен ғасырда қалып қойған. Сонымен қатар қолбасшылық жүйесін халықаралық үздік тәжірибеге сай қайта құру керек. Кешенді тәсіл қолдану қажет. Реформаның мақсаты – жаңа үлгідегі әскер жасақтау, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев армияда цифрлық трансформация жүргізіп, мүмкіндік болған жерде адамды технологиямен алмастыруды тапсырды. Сонымен қатар жаңа Қорғаныс министріне үш негізгі міндет жүктеді.

Біріншісі – бюджет қаражатын тиімді пайдалану және мақсатсыз шығын мен талан-таражға жол бермеу. Екіншісі – қазіргі қауіп-қатерлерді ескеріп, Қарулы Күштерді реформалау. Үшіншісі – әскердегі идеология және тәрбие жұмысын күшейту.

Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты мен Қорғаныс министрлігі 10 күн ішінде әскери реформа жөніндегі арнайы жоспар әзірлеуге тиіс. Президент әскери лауазымдарға кадр іріктеудің ашық критерийлерін енгізуді де тапсырды.

– Әскери лауазымдарға басшының «өз адамдары» емес, тәжірибелі және білікті кадрлар ұсынылуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жоғарғы Бас Қолбасшы реформа жоспары нақты, түсінікті және кезең-кезеңімен орындалатын құжат болуы керектігін айтты. Оны көлемді тұжырымдамаға немесе жол картасына айналдырмауды тапсырды. Әскери реформа жоспары қазан айының екінші жартысында өтетін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралады.