Қасым-Жомарт Тоқаев: Бұл – бүкіл мұсылман қауымы үшін қасиетті мереке

Қасым-Жомарт Тоқаев: Бұл – бүкіл мұсылман қауымы үшін қасиетті мереке
Фото: Ақордадан

Мемлекет басшысы отандастарын Ораза айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

-          Бұл – бүкіл мұсылман қауымы үшін мән-маңызы ерекше, қасиетті мереке. Осы мейрамда рухани тазару мен парасаттылық, сабырлық пен қанағатшылдық, өзара сыйластық пен тілектестік, жанашырлық пен жақсылық құндылықтары дәріптеледі. Отыз күн ораза тұтқан жұрт иманын байытып, кемелдікке ұмтылады. Төзімін шыңдап, төңірегіне қамқорлық танытады. Игі істерге ұйытқы болып, мұқтаж жандарға қол ұшын созады. Ата дәстүріміз бен асыл дініміз елдің бірлігін нығайтып, қоғамның берекесін арттыратын игі амалдар жасауға үндейді. Биыл Ораза айт мейрамы Наурыз мерекесімен қатар келіп, ел дамуындағы жаңа тарихи кезеңнің жаршысына айналды, - деді Президент.

Сонымен қатар,  Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Жаңа Ата заңды қабылдап, жарқын болашаққа, Әділеттілік пен Өркендеуге бастайтын жолды таңдағанын атап өтті.

-         Конституциялық реформаны жаппай қолдау арқылы ұлт тарихының жаңа парағын ашты. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, толайым табыс тілеймін! Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын! Ораза айт қабыл болсын, - деп түйіндеді құттықтауын.