Қазақстанда болу мерзімін бұзған шетелдіктерге қанша айыппұл салынады
Елімізге жұмыс бабымен немесе оқу үшін 30 тәуліктен астам мерзімге келген шетелдіктерге уақытша тұруға рұқсат ресімделеді. Бұл туралы Астана қаласы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының басшысы Ербол Махметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елімізге келген шетел азаматтары мен оларды қабылдаған жақтан Қазақстанда болу заңнамасының бұзылуына жол бермеуін сұраймыз», - деді Ербол Махметов полиция департаментінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, елімізде болу қағидалары бұзылған жағдайда шетелдіктер әкімшілік- қылмыстық кодекстің 517-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Яғни Қазақстанда болу мерзімін бұзу.
Айыппұлдың мөлшері болу мерзімінің бұзылуына байланысты тағайындалады. Мысалы, 3 тәулікке дейін – ескерту, 5 тәулікке дейін – 10 АЕК (айлық есептік көрсеткіш), 10 тәулікке дейін 15 АЕК.
Егер шетел азаматы елімізде болу мерзімін 10 тәуліктен артық бұзса, онда әкімшілік хаттама сотқа жіберіледі. Соттың шешімімен айыптыға 25 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе елден шығарылады.
«Елге 30 тәуліктен астам мерзімге келген шетел азаматтарына (жұмыс, оқу, емдеу, бизнес-иммигранттар үшін, сондай-ақ отбасына келу және тұрақты тұру мақсатында) уақытша тұруға рұқсат ресімделеді. Жыл басынан бері 27 731 рұқсат ресімделді», - деп қорытындылады спикер.