Қазақстанда екінші жолбарыс табиғи мекеніне жіберілді
Амур есімді жыртқыш 70 жылдан астам уақыттан кейін жолбарыстар қайта оралып жатқан Іле-Балқаш резерватына жіберілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз орталығына сілтеме жасап.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 31 қазанда «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағына Амур есімді аталық жолбарыс жіберілді. Ол Қазақстанда жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасы аясында табиғатқа шығарылған екінші жыртқыш атанды.
Қазақстанға жеткізілгеннен кейін Амур арнайы бейімдеу қоршауында ұсталды. Осы уақыт ішінде мамандар оның денсаулығы мен мінез-құлқын бақылап, табиғи ортада өздігінен тіршілік етуге дайындығын бағалады.

Жыртқыш ветеринариялық тексеруден және аңшылық қабілетін анықтайтын сынақтардан сәтті өтті. Оның қозғалысын бақылау үшін спутниктік қарғыбау тағылды.

– Биыл 31 шілдеде Үміт есімді аналық жолбарыс жабайы табиғатқа жіберілген болатын. Ал енді екінші жолбарысты – Амур есімді аталықты табиғи ортаға шығардық. Біздің басты мақсатымыз – осы жыртқыштарды тарихи мекеніне қайтарумен ғана шектелмей, олардың табиғи ортада өздігінен тіршілік етіп, көбейе алатын тұрақты популяциясын қалыптастыру, – деді Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров.
Бұған дейін табиғатқа жіберілген Үміт есімді жолбарыс резерват аумағына бейімделіп, өздігінен аң аулап жүр. Оның қозғалысы да спутниктік құрылғы арқылы бақыланады.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаевтың айтуынша, жолбарыстарды табиғатқа жіберу туралы шешім жан-жақты тексеруден кейін ғана қабылданады.
– Біз ең алдымен жануардың жабайы табиғатта өздігінен тіршілік етуге дайын екеніне көз жеткізуіміз керек. Сондықтан мұндай шешім оның денсаулығы, мінез-құлқы мен аңшылық қабілеті жан-жақты бағаланғаннан кейін ғана қабылданады. Жолбарыс табиғатқа жіберілген соң да мамандардың жұмысы тоқтамайды, – деді ол.
Қазір Қазақстанға жеткізілген тағы екі жолбарыс күшігі мамандардың бақылауында өсіп жатыр. Олар қажетті жасқа жетіп, тиісті сынақтардан өткеннен кейін табиғатқа жіберу мүмкіндігі қаралады.
Еске сала кетейік, Тұран жолбарысы өткен ғасырдың ортасында табиғи мекенінің тарылуы, қоректік жануарлардың азаюы және браконьерлік салдарынан Қазақстан аумағынан жойылып кеткен. Оны қайта жерсіндіру мақсатында 2018 жылы «Іле-Балқаш» резерваты құрылды.
Биыл мамырда Ресейдің Хабаровск өлкесінен Қазақстанға төрт Амур жолбарысы жеткізілген. Ғалымдардың зерттеуінше, Амур жолбарысы генетикалық тұрғыдан жойылып кеткен Тұран жолбарысына өте жақын.
Бағдарлама аясында резерваттың табиғи ортасы қалпына келтіріліп, жыртқыштардың қоректік қоры молайтылып жатыр. Мәселен, қыркүйекте «Алтын-Емел» ұлттық паркінен Іле-Балқаш аумағына 30 құлан қоныс аударылды.
Алдағы уақытта мамандар жолбарыстардың жаңа ортаға бейімделуін бақылап, жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырады.