Қазақстанда инвестицияларды қорғау жөніндегі форум өтуде
Жиынға отандық және шетелдік инвесторлар өкілдері қатысып, Берік Асылов төрағалық етуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі Қазақстан Бас прокуратурасына сілтеме жасап.
Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің, Парламент Мәжілісінің, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Біріккен Ұлттар Ұйымының, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, Қазақстан инвесторлары қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ Еуропалық Одақтың елшісі қатысуда.
Сонымен қатар, бейнеконференция байланысы арқылы форумға өңірлердің әкімдері мен прокурорлары, сондай-ақ бизнес өкілдері қатысуда.
– Бұл іс-шара Қазақстанда инвестицияларды қорғау – ең маңызды мемлекеттік басымдықтардың бірі екенін айқын дәлелдейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы нақты ұстанымды айқындады: инвестор нақты қорғауды сезініп, ашықтық пен тұрақтылыққа сенімді болуы тиіс. Дәл осы қағидаттар еліміздің заманауи инвестициялық саясатының негізін құрайды, – деді бас прокурор Берік Асылов.
Ол Қазақстан 48 үкіметаралық инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қойып, елімізде қолайлы инвестициялық ахуал үшін сенімді құқықтық негіз қалыптастырғанын атап өтті.
– Конституцияға сәйкес прокурорларға заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалау функциясы жүктелген, оның аясында біз азаматтар мен бизнестің құқықтарын да қорғаймыз. Бүгінде біз екі мың инвесторға көмек көрсетіп, 30 мың жұмыс орнын қамтитын 250-ден астам жобаның іске қосылуын қамтамасыз еттік, – деді Берік Асылов.
Құттықтау сөзін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Роман Скляр, Мәжіліс Парламентінің вице-спикері Дания Еспаева, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» Президиумының төрағасы Қанат Шарлапаев білдірді.
Бүгінгі таңда Қазақстан экономикасы тұрақтылық танытып, әрі қарай өсу әлеуетін көрсетуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша елдің ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға өскен, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. Тікелей шетелдік инвестициялар 14,4 пайызға өсіп, 20,5 миллиард долларға жетті, ал негізгі капиталға салынған инвестициялар 13 пайызға ұлғайып, тарихи рекорд – 22,7 триллионн теңгеге жетті, – деді Роман Скляр.
БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхитқа арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы мәліметтері бойынша, өткен жылы Қазақстан Greenfield жобаларына 19 млрд долларға жуық шетелдік инвестиция тартты, бұл Орталық Азиядағы барлық ішкі аймақтық инвестициялардың шамамен 89 пайызын құрайды.
Тек өткен жылы 10 млрд доллардан астам жалпы құны бар 330 жоба іске қосылды, соның ішінде KIA Qazaqstan және Astana Motors автокөлік зауыттары, EkibastuzFerroAlloys ферросилиций өндірісі, Алтай-Май майлы дақылдар өндірісі және басқалары бар.
Дания Еспаева инвесторларды қорғауда прокуратура органдарының үлкен рөлін атап өтті, алдын алу шараларын қабылдау қажеттігіне назар аударды.
Қанат Шарлапаев елдің инвестициялық климаты бірнеше негізгі факторға тікелей байланысты екенін атап өтті.
– Бизнесті ұзақ мерзімді жоспарлау үшін «ойын ережелері» болжамды және тұрақты болуы аса маңызды. Заңнамалық базаның тұрақтылығын арттыру бойынша бірлескен жұмыс инвестициялардың ағымына мықты серпін береді деп сенеміз, – деді ол.
Сот органдарының тәуелсіздігін әрі қарай нығайту, судьялардың біліктілігін арттыру және сот практикасының бірізділігін қамтамасыз ету инвесторлардың құқықтарын соттық қорғауға деген сенімін едәуір арттырады.