Қазақстанда партиялық тізімдерді тіркеу кезеңі аяқталды

Қазақстанда партиялық тізімдерді тіркеу кезеңі аяқталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бас прокуратура сайлау процесіне қатысушыларға заң талаптарын еске салды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстанда партиялық тізімдерді тіркеу кезеңі аяқталды. Осыған байланысты 23 шілде сағат 18:01-ден бастап 22 тамыз сағат 00:00-ге дейін жалғасатын сайлауалды үгіт кезеңі басталады.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының мәліметінше, осы кезеңде үгіт бұқаралық ақпарат құралдары, онлайн-платформалар, жария іс-шаралар өткізу және үгіт материалдарын тарату арқылы жүргізіледі. Сайлауалды үгіттің тәртібі мен шарттары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 27 және 28-баптарымен реттеледі.

Мемлекет азаматтар мен қоғамдық бірлестіктерге белгілі бір кандидатты немесе саяси партияны қолдап не оған қарсы заң аясында кедергісіз үгіт жүргізуге кепілдік береді.

Сонымен бірге Бас прокуратура бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалар үшін заңнамада бірқатар міндетті талаптар белгіленгенін еске салды.

Атап айтқанда, телерадио хабарларын тарату субъектілеріне жаңалықтар мен талдамалық бағдарламаларда үгіт материалдарын жариялауға болмайды. Бұл талап бұзылған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 112-бабының 1-1-бөлігіне сәйкес 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни 216 250 теңге мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Кандидаттар немесе олардың сенімді өкілдері ретінде тіркелген журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарының лауазымды тұлғаларына сайлауды БАҚ арқылы жариялауға қатысуға тыйым салынады. Бұл талапты бұзғандарға ӘҚБтК-нің 122-бабының 3-бөлігі бойынша 20 АЕК немесе 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынады.

Бұқаралық ақпарат құралдары кандидаттар мен саяси партиялардың сайлауалды іс-шараларын объективті әрі бұрмаламай жариялауға міндетті. Сондай-ақ кандидаттың немесе партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін ақпаратты жариялауға жол берілмейді. Бұл талаптарды бұзу ӘҚБтК-нің 112-бабының 1 және 2-бөліктеріне сәйкес 20-дан 50 АЕК-ке дейін, яғни 86 500-ден 216 250 теңгеге дейін айыппұл салуға негіз болады.

Бас прокуратура партиялық тізімдерді ұсынған барлық саяси партияларға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үгіт жүргізуде тең жағдай жасалуы тиіс екенін атап өтті. Егер қандай да бір БАҚ бір партияның үгіт материалдарын орналастыруға келіссе, дәл сондай мүмкіндік басқа партияларға да берілуі қажет. Бұл талап сақталмаған жағдайда ӘҚБтК-нің 112-бабының 4 және 6-бөліктері бойынша 20-дан 50 АЕК-ке дейін (86 500-216 250 теңге) айыппұл көзделген.

Шарттық негізде үгіт материалдарын орналастыратын бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалар үгіт басталғанға дейін кемінде бес күн бұрын Орталық сайлау комиссиясына орналастыру құны мен шарттары туралы мәлімет ұсынуға міндетті. Бұл ақпарат комиссия жариялағаннан кейін ғана үгіт материалдарын орналастыруға рұқсат беріледі. Талап сақталмаған жағдайда ӘҚБтК-нің 112-бабының 5-бөлігі бойынша 30-дан 50 АЕК-ке дейін (129 750-216 250 теңге) айыппұл қарастырылған.

Сонымен қатар барлық үгіт материалдарында оларды шығарған ұйым, тапсырыс беруші және қаржыландыру көзі туралы мәлімет болуы тиіс. Баспа өнімдерінде басылған орны мен таралымы да көрсетіледі. Қазақстан аумағынан тыс жерде дайындалған, анонимді немесе осы сайлау науқаны үшін әзірленбеген үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады. Бұл талаптарды бұзу ӘҚБтК-нің 113-бабы бойынша 25 АЕК немесе 108 125 теңге айыппұл салуға әкеледі.

Сондай-ақ меншік иесінің келісімімен орналастырылған үгіт материалдарын қасақана жою немесе бүлдіру ӘҚБтК-нің 114-бабына сәйкес 15 АЕК, яғни 64 875 теңге көлемінде айыппұл салуға негіз болады.

Жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары кандидаттарға сайлаушылармен кездесулер өткізу үшін үй-жайларды тең жағдайда ұсынуға міндетті. Бұл талап орындалмаған жағдайда ӘҚБтК-нің 123-бабы бойынша 30 АЕК немесе 129 750 теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Бас прокуратура сайлау процесіне қатысушылардың барлығын сайлауалды үгіт кезеңінде сайлау туралы заңнаманы қатаң сақтауға, заң бұзушылықтарға жол бермеуге және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге шақырды.