Қазақстанда церебралды сал ауруы бар балаларға қызмет көрсету қалай өзгереді?

Қазақстанда церебралды сал ауруы бар балаларға қызмет көрсету қалай өзгереді?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

ЦСА диагнозы және мүгедектігі бар балалар автоматты түрде сақтандырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облыстық кардиологиялық орталық баспасөз қызметінің мәліметінше, Президенттің тапсырмасымен Қазақстанда денсаулық сақтау саласы сақтандыруға негізделген жаңа модельге кезең-кезеңімен көшуде, бұл медициналық көмектің бірыңғай пакетін құруды көздейді. Осы орайда, балалардың церебральды сал ауруы бойынша қызметтердің кепілдік берілген көлемнен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне ауысуы көптеген ата-аналар мен пациенттерді алаңдатуы мүмкін. Алайда, бұл өзгеріс медициналық көмек көлемінің қысқаруын білдірмейді, керісінше, қаржыландыру көзінің өзгеруін ғана көрсетеді.

– МӘМС жүйесіне көшу – бұл ЦСА-мен ауыратын балаларды қолдаудың кепілдігі. Мысалы, егер сіздің балаңызда ЦСА диагнозы және мүгедектік бар болса, ол автоматты түрде сақтандырылған 15 жеңілдікті санатқа кіреді. Олардың мәртебесіне немесе жәрдемақы пакетіне қарамастан, мемлекет осы балалар үшін төленетін сақтандыру жарналарын толық өтейді. Бұл – пациенттер үшін қызметтердің қолжетімділігі бұрынғы деңгейде сақталады деген сөз, – делінген хабарламада.

Бала 18 жасқа толғаннан кейін де мемлекеттің қамқорлығы жалғасады. 

– Егер жасөспірімнің денсаулығында тұрақты шектеулер болса және ол аз қимылды болса, ата-аналар оны мүгедек ретінде тіркеуі керек. Бұл жағдайда мемлекет сақтандыру жарнасын төлеуді жалғастырады. Егер ол жұмысқа қабілетті, бірақ әлі жұмысқа орналаспаған болса, жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс. Сонда мемлекет жергілікті билік арқылы оның жарналарын төлейтін болады. Егер жас азамат жұмыс істесе, бірақ табысы төмен болса (дағдарыс немесе төтенше жағдайдағы әл-ауқат деңгейі – D және E санаттары), мемлекет оның сақтандыру жарналарын өтейді. Күндізгі бөлімде оқитындар студенттер үшін де мемлекет жарна төлейді. Ресми түрде жұмысқа орналасқандар үшін жарнаны жұмыс беруші төлейді. Тек өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар ғана жарнаны өздері төлеуі тиіс. Төлем айына 4250 немесе жылына 51 000 теңгені құрайды, – деді облыстық кардиологиялық орталықтың баспасөз қызметі.

Айта кетейік, D және E санаттарына қиын өмірлік жағдайға тап болған, тұрақты жұмысы жоқ, соңғы үш айда зейнетақы жарналарын жасамаған азаматтар жатады.

Түсінетін маңызды жайт: кепілдендірілген пакеттің қысқаруы күтім көлемінің азаюын білдірмейді. 

Қызметтер жойылмайды, тек қаржыландыру көзі өзгереді. ЦСА, қант диабеті және басқа да созылмалы аурулары бар науқастар бұрынғыдай емделуді, кеңес алуды және қажетті дәрі-дәрмектерді МӘМС жүйесі бойынша толық көлемде ала береді, – деді ведомствода.

Сонымен қатар, 2026 жылы дәрі-дәрмектің ең төменгі қорын құруға, оның ішінде жаңадан анықталған науқастарға да, 20 миллиард теңге бөлу қарастырылған.