Қазақстанда туристік қызметтер көлемі 10 пайыздан астам өсті
Елімізде демалыс орындарының саны артып, курорттық аймақтардың инфрақұрылымы кеңейіп келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанның курорттық аймақтарында көрсетілген туристік қызметтер көлемі 91,2 миллиард теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,4 пайызға артық. Былтыр бұл көрсеткіш 81,9 миллиард теңге болған.
Елдегі курорттық аймақтарда 1912 орналастыру орны жұмыс істейді. Бір жыл ішінде олардың саны 64 нысанға көбейген. Жалпы сыйымдылығы 122,4 мың төсек-орынды, ал нөмірлік қоры 47,3 мың бөлмені құрады.
Орналастыру орындарының ең көбі Алматы тау кластерінде шоғырланған – 526 нысан. Одан кейін Жетісу облысындағы Алакөл курорттық аймағы (226), Щучье-Бурабай (216) және Абай облысындағы Алакөл (206) орналасқан.
Келушілер саны бойынша да Алматы тау кластері көш бастап тұр. Жарты жылда мұнда 1,2 миллионнан астам адамға қызмет көрсетілген. Бұл еліміздің курорттық аймақтарына келген туристердің шамамен 59,4 пайызына тең.
Аталған аймақта көрсетілген қызметтер көлемі 57,1 миллиард теңгені құрады.
Танымал туристік бағыттардың қатарында Щучье-Бурабай, Маңғыстау, Түркістан, Балқаш және Алтай курорттық аймақтары бар.
Қонақүйлер мен демалыс орындарындағы бөлмелердің толтырылу деңгейі бойынша Абай облысындағы Алакөл курорттық аймағы алда тұр – 40,1 пайыз. Алматы тау кластерінде бұл көрсеткіш 39,7 пайызды, Катонқарағайда 37,6 пайызды құрады.
Жалпы, қаңтар-маусым айларында курорттық аймақтарда 1,58 миллион нөмір сатылып, 2,79 миллион төсек-тәулік қызметі көрсетілді. Бір төсек-тәуліктің орташа құны 18 627 теңге болды.