Қазақтар аптап ыстықты қалай өткерген: көне дәстүрлерден не үйренеміз?

Қазақтар аптап ыстықты қалай өткерген: көне дәстүрлерден не үйренеміз?
Коллаж: Al

Көшпендінің басты қағидасы – табиғатпен үйлесу, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Осы жылдың жазы Қазақстанда метеорологиялық бақылау жүргізілген бүкіл кезеңдегі ең ыстық жаз болды. «Қазгидромет» синоптиктерінің дерегінше, маусымдағы орташа ауа температурасы климаттық нормадан 2,15°C жоғарылаған. Ең жоғары оң ауытқулар Ақмола және Қарағанды облыстарының шығысында, Павлодар облысында, Шығыс Қазақстан облысының басым бөлігінде және Абай облысында тіркелген.

Ауа баптағыштар мен заманауи технологиялармен тігілген киімдер пайда болғанға дейін ата-бабаларымыз жазғы аптапқа қалай төтеп берген? @Pavlodarnews.kz тілшісі павлодарлық тарихшымен ежелгі қазақтардың ыстыққа бейімделуіне көмектескен дәстүрлері мен тұрмыс дағдылары туралы сөйлесті.

Жазда салқын жерге көшкен

Торайғыров университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Аслан Әзербаевтың айтуынша, көшпелі өмір салты табиғи жағдайларға бейімделіп қалыптасқан. Қазіргі Қазақстан аумағында жайылымдық мал шаруашылығы бірнеше мыңжылдық бойы дамыған. Сондықтан адамдар жыл мезгілдерінің ерекшеліктерін, ауа температурасының өзгерісін және әр өңірдің табиғи жағдайларын жақсы білген.

– Көшпенділер қонысын жыл мезгіліне қарай ауыстырып отырған. Көктем мен жазда оңтүстіктен солтүстікке қарай көшсе, күз бен қыста кері оралған. Орта және Кіші жүз қазақтары жазда орманды дала мен Сарыарқа даласына көшіп, қыста Сырдария, Шу, Арал теңізі мен Маңғыстау маңын қоныстанған. Көш жолын таңдағанда ең алдымен су көздерінің бар-жоғына қараған. Жазғы жайылымдар Есіл, Торғай ойпаты және Жайық маңында орналасқан, – дейді тарихшы.

Ұлы жүз қазақтары арасында көшу тәсілінің басқа түрі кең тараған: жазда жазықтан тауға көтеріліп, күн суытқанда қайта оралған. Жылы мезгілде отбасылар Тарбағатай, Жетісу, Іле және Талас Алатауының бөктерлеріне көшкен. Биіктеген сайын ауа салқындайтындықтан, мұндай тіршілік салты жазғы ыстықты жеңіл өткеруге көмектескен.

Аптапқа бейімделуде көшіп-қонумен қатар киім, баспана және тамақтану ерекшеліктері де маңызды болған.

Аптапта ыстықта неге жылы киінген?

Бір қарағанда оғаш көрінуі мүмкін, бірақ қазақтар ыстықта жылы әрі денені толық жабатын киім киген. Сырылған шапан теріні күннің тікелей сәулесінен қорғап, дененің тез қызып кетуіне жол бермеген. Матаның бірнеше қабаты ыстықтан қосымша қорғаныш болған.

Киімді кең әрі жеңін ұзын етіп тіккен. Дене мен матаның арасында ауа сақталып, ыстыққа төзу жеңілдеген. Сонымен бірге кең шапан дәулеттіліктің белгісі саналған: оны тігуге қымбат мата көбірек қажет болған.

Киіз үй ыстықтан да, суықтан да қорғаған

Баспананың құрылысы да үлкен маңызға ие болған. Киіз үй адамның түрлі ауа райында жайлы өмір сүруіне лайықталған.

– Қазақтар баспанасы мен киімін табиғи материалдардан жасаған. Киіз үй қыста жылуды сақтап, жазда ауа өткізетіндей құрылған. Ыстықта киіз жабынның төменгі шеттерін көтеріп қойған. Соның арқасында ауа киіз үйдің торлы қабырғасы – кереге арқылы еркін өтіп, жоғарғы бөлігіндегі түндік ашылған тұстан шыққан, – дейді Аслан Әзербаев.

Киім мақта, жібек, барқыт пен киізден тігілген. Мәселен, бас киімді ақ киізден жасаған. Ата-бабаларымыз ауа өткізетін табиғи материалдарды пайдаланған деуге болады. Мұның бәрі адамның табиғи жағдайларға бейімделуіне мүмкіндік берген өмір салтының бір бөлігі еді.

Жазда сүт тағамдарын көбірек, ал етті азырақ тұтынған

Тарихшының айтуынша, қазақтар жыл бойы көп ет жеген деген түсінік – үлкен жаңсақтық. Күнделікті ас мәзірінің негізін қымыз, айран, шұбат және сүтке пісірілген дәнді дақылдардан жасалатын көже құраған.

Жазда көбіне сүт тағамдарын тұтынған. Ірімшік, қаймақ, ұйыған сүт жеген. Сусын дайындауға қой, ешкі және сиыр сүтін пайдаланған.

– Жазда айран, қатық, түйе сүтінен жасалған шұбат ішкен. Қышқыл сүтті сумен араластырып, шалап дайындаған. Бұл бойды сергітіп, шөлді жақсы басатын сусын болған. Сүт сусындарының ақта және қойыртпақ деген екі түріне де назар аударған жөн, – дейді тарихшы.

Сусындарды дайындау үшін айран құйылған торсыққа жаңа сауылған қой сүтін қосқан. Торсықты ер тоқымның алдыңғы жағына іліп қойған. Шабан атпен жүргенде ішіндегі сусын үнемі араласып отырған. Кейін оған тағы жаңа сауылған сүт қосып, ақта деп аталатын қою сусын алған. Қойыртпақты да осыған ұқсас тәсілмен, қой сүтін қосып дайындаған. Мұндай сусындарды жолға алып жүру ыңғайлы болған.

Қымыз да негізгі жазғы сусындардың бірі саналған. Ал етті қазақтар көбіне кешке, күн батып, ыстық басылған кезде пісіруге тырысқан.

Табиғатпен үйлесімде өмір сүру

Көшпенділер табиғи жағдайларды күнделікті өмірінің бір бөлігі ретінде қабылдаған. Маусымдық көші-қон, киім, баспана, тұрмыс және тамақтану ерекшеліктері осы түсініктен туындаған.

Қазақ көшпендісі табиғатпен, бүкіл ғаламмен үйлесімде өмір сүрген. Көшпенділер Ұлы даланың жағдайына бейімделіп, жыл мезгілдері мен ауа температурасының өзгерісіне сай тіршілік еткен. Бүгінде олардың өмір салты мен шаруашылық жүргізу тәсілдері белгілі бір дәрежеде жасыл экономика қағидаларын еске түсіреді.

Тарихшының айтуынша, адам қоршаған ортаны және өзіне күнкөріс беретін жерді сақтаудың маңызын түсінгенде табиғатқа ұқыпты қарай бастайды. Қазақ көшпендісінің табиғат пен табиғи күштерге берген игіліктері үшін алғыс білдіруі тәңірлік дүниетанымның көрінісі болған.

– Жоғарғы құдай Тәңірі болса, Жер-Су да киелі саналған. Өйткені жер мен су адамға материалдық игіліктер берген. Қазіргі үрдістерге қарасақ, адам ыстықта газдалған сусындар, тіпті энергетикалық сусындар ішеді. Олардың қаншалықты зиян болуы мүмкін екенін де біледі. Ата-бабаларымыздың тәжірибесі денсаулық пен табиғатқа қамқор болудың жақсы үлгісі бола алады, – деп түйіндеді Аслан Әзербаев.

Көшпенділер ғасырлар бойы ауа баптағыштар және заманауи технологиялармен жасалған киімсіз табиғи жағдайларға бейімделуді үйренген. Ыстық пен суыққа қарай тұрмысын өзгертіп отырған.

Мұндай тәжірибе Ұлы дала тұрғындарында ғана сақталмаған. Климаты қатал Ямалда да көшпелі бұғы өсірушілер дәстүрлі тұрмыс тәсілдерінің көбін әлі күнге дейін қолданады.

Чум – Ямалдағы жазғы баспана

Тілші Ямал тұрғындары – ненецтермен де сөйлесті. Арктика тұрғындары ежелден ата-баба дәстүрін ұстанып, заманауи технологиялар пайда болғанға дейін қалыптасқан бұғы өсірушілердің тұрмыс дағдыларын әлі де пайдаланады.

Сеяха елді мекенінің шетінде ненецтердің дәстүрлі баспанасы – ондаған чумды көруге болады. Жазда тундра тұрғындарының отбасылары жазғы саяжайға барғандай соларға көшіп келеді. Заманауи үйлері, көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтерлері болса да, олар жазда чумда тұрып, табиғи су көздерінен су ішіп, ата-бабаларына тән тіршілік салтын жалғастырады. Чум олардың күнделікті тұрмысының бір бөлігі болып, тундра жағдайында үйреншікті өмір салтын сақтауға мүмкіндік береді.

Көп адамға чумдағы өмір романтика болып көрінеді. Алайда ненецтер үшін бұл – күнделікті еңбек: көлден су тасу, пеш жағу, тамақ дайындау, балаларға қарау. Мұнда жаз қысқа, әрі кетсе екі айға созылады. Одан кейін ауа температурасы -60°C-қа дейін төмендеуі мүмкін қатал арктикалық қыс басталады.

Мұнда полярлық күн мен полярлық түн де бар. Қалада өскен адамға бұл құбылысты физикалық әрі психологиялық тұрғыдан елестету қиын.

Ұлы дала қазақтары мен Ямал ненецтерінің климаты, жүріп өтетін қашықтықтары және дәстүрлері әртүрлі. Бірақ ортақ қағида бар: тіршілікті жалғастыру үшін табиғатты түсініп, өмір салтын соған бейімдей білу қажет.

Константин Шелковтың иллюстративті фотосы