Аққулы қолөнершілері Мерғалым атаның кесенесіне құрақ-көрпелер табыстады
Ауданның шеберлері Мерғалым ауылында «Көрпе fest» этнофестивалінде бас қосты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ауыл тұрғыны 67 жастағы Ғарап Садақованың айтуынша, облыс аудандарының қолөнершілері кесенеге әртүрлі дизайнда орындалған сары және жасыл түсті көрпелер әкелген. Сондай-ақ «Асыл шебер» үйірмесіне қатысатын балалар да белсенді ат салысып, көрпелер тіккен. Шараның басты мақсаты – зиярат етушілерге ыңғайлы жағдай жасау.
– Осыдан біраз жыл бұрын белгілі дизайнер Ырза Тұрсынзада Баянауылдағы Мәшһүр Жүсіп кесенесіне барғанда іші салқындау болған екен. Алайда ол жоғары орындықтарға отыруға ыңғайсызданып, яғни, сыйластық әрі құрмет ретінде жерге отырған екен. Сол кезде шеберлерге көрпе-жастық сыйға тарту туралы үндеу тастаған болатын, – деді Ғарап Садақова.
Қолөнерші бұдан кейін өзінің туған жері Шарбақты ауданындағы Ғабдул Уахит хазірет кесенесіне де шеберлермен бірге көрпе-жастық апарып берген.
– Бұл жолы Мерғалым атаның кесенесіне 20 шақты шебер көрпе-жастық апарып бердік. Мен өзім бала кезімнен қолөнермен айналысамын. Ырза Тұрсынзада өткізген «Көрпе fest» этнофестивалінде іріктеуден өткен 40 шебердің қатарына ендім, – дейді ол.
Еске сала кетейік, биыл маусым айында ерекше қабілетке ие болған сынықшы Мерғалым Мұхтариханұлының күмбезді кесенесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мазар тоғызыншы ғасырдан келе жатқан саманит, Бұқар стилінде бой көтерді, күмбезі қабыршақ. Сыртында Алла деген жазу және Мерғалым атаның есімі бар.
Посмотреть эту публикацию в Instagram