Қытайда арықтау бағдарламасына қатысқандарға ет түрінде сыйақы ұсынылды
Жобаның қорытындысы келесі жылдың қаңтар айында шығарылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі scmp.com сайтына сілтеме жасап.
Қытайдың Цзянсу провинциясында орналасқан Шанбэй қауымдастығында артық салмақтан арылғысы келетіндерді ынталандыруға бағытталған ерекше жоба іске қосылды – артық салмағы бар адамдар арықтау нәтижесінде жоғалтқан килограмдарын ет өнімдеріне айырбастай алады.
Бағдарламаға қатысу үшін өтініш берушілер артық салмаққа ие болуы және арықтау процесіне дайын болуы қажет. Салмақ тастауда табысқа жеткен қатысушылар жоғалтқан килограмдарын сиыр еті мен түрлі субөнімдерге айырбастай алады. Нақты сыйақылар әртүрлі: әрбір 0,5 килограмм салмақ тастағаны үшін 0,5 килограмм сиыр еті немесе 1,5 килограмм сиыр сүйегі беріледі. 1 килограмм салмақ жоғалтқан адамға 0,5 килограмм сиыр құйрығы, 1,5 килограмм үшін 0,5 килограмм субөнімдер, ал 2 килограмм үшін 0,5 килограмм сиыр тілі беріледі. Қатысушының нәтижесі неғұрлым жоғары болса, сыйақысы да соғұрлым мол болады, алайда сыйақы есептелетін ең жоғарғы салмақ 10 килограмммен шектелген.
Ұйымдастырушылар салмақ тастау процесі табиғи әрі қауіпсіз болуы тиіс екенін атап өтеді. Қатаң диеталар, шамадан тыс физикалық жүктемелер, сондай-ақ арықтауға арналған таблеткалар мен құстырушы құралдарды қолдану қатаң түрде құпталмайды. Бұл талаптарды елемеген қатысушылар денсаулығына келуі мүмкін кез келген зиян үшін өздері жауапты болады.