Канар аралдарындағы өрт: 3 мыңнан астам адам эвакуацияланды

Канар аралдарындағы өрт: 3 мыңнан астам адам эвакуацияланды
Фото ашық дереккөзден

Бейсенбіде өрт сөндірушілер Испанияның Тенерифе аралындағы ұлттық саябақта ыстық, құрғақ ауа райында шыққан орман өртін тоқтату үшін күресті. Күні бойы 3000-нан астам адам эвакуацияланды. Тенерифедегі өрт соңғы 40 жылдағы Канар аралдарындағы ең күрделі өрт болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Reuters-ке сілтеме жасап.

Аралда демалыс күндері ауа температурасы көтерілуі мүмкін. Жел бағытының өзгеруіне байланысты өрт сенбі күні таңертең солтүстік-шығыстан Тенерифенің батысына қарай жылжуы мүмкін.

Аралдың апаттық-құтқару қызметінің жетекшісі Педро Мартинестің айтуынша, өрттің таралуы баяулаған. Түні бойы 200-ге жуық өрт сөндіруші жұмыс істейді.

«Көшеге шыққанда тұншыға бастайсыз. Тамағыңызға бірдеңе тұрып қалғандай», - деді Ла-Эсперанса ауылының тұрғыны 37 жастағы Альба Хиль.

Билік жергілікті тұрғындарды үйден шықпауға шақырды. Сәрсенбіде басталған өрт кем дегенде 3273 гектар жерді шарпыды.
Осы жазда аптап ыстық пен құрғақ ауа райы Еуропа мен Канаданың батысында қатты орман өрттерін тұтандырды.

Гавайидегі Мауи аралы да кем дегенде 106 адамның өмірін қиған орман өртінен зардап шекті, ондаған мың адам эвакуациялануға мәжбүр болды және тарихи Лахайна курорттық қаласы жойылды.

Ғалымдардың айтуынша, мұның бәрі климаттың өзгеруінен болып жатыр. Өртті сөндіруге 17 ұшақ, 350 өрт сөндіруші мен әскери қызметші тартылды. Екі Тенерифе әуежайы қалыпты жұмыс істеп жатыр.