Қою қара батпақ: Май ауданының тұрғыны ауызсу сапасына шағымданды
Ауыл тұрғындарының бірі облыс әкімі Асайын Байхановтың тұрғындармен кездесуінде кәріз жүйесі тартылса деген тілегін білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жергілікті тұрғын жерасты сулары ластанып жатқанын, судың сапасына тұрғындардың көңілі толмайтынын жеткізді.
– 2019 жылы ауылда ауызсу құбыры тартылды, елдің барлығы қуанды, флягтар мен арбалардың барлығы басқа аудандарға сатылды, – деді ер адам. – Үйге су келіп тұр. Дегенмен, судың сапасына халықтың наразылығы бар. Бұрын көшелердегі құдықтардан су ішіп жүретін едік, қазір үйдегі бойлер, су жылытқыш екі-үш жылға шыдамайды. Мен өзім жуырда жанып кеткен су жылытқыштың ішін ашып қарасам, іші қою қара батпақ. Су тартылмай тұрып кәріз жүйесі жасалуы тиіс еді. Қазір қанша үйге су тартылды, сонша үйге септик орнатылды.
Сондай-ақ оның айтуынша, ауылда дәрігерлер жетіспейді. Ауданға қоныс аударған қандастар көмір, ағаш жағу қиын екенін айтып, тұрақтамай кетіп қалады. Сондықтан тұрғындардың ендігі бір тілегі – орталықтандырылған қазандық салу.
Асайын Байхановтың сөзінше, Павлодар қаласының іргесінде тұрған 11 мың тұрғыны бар Кенжекөл ауылында, 12 мың тұрғыны бар Атамекен кентінде кәріз желілері жоқ.
– Бос уәде беріп, адамды сендірудің қажеті жоқ. Орталықтандырылған кәріз жүйесін құру үшін кәріз тазалау станциясы керек. Ал оны құру үшін 2000-3000 абонент қажет, яғни халық саны кем дегенде 30 мың болуы тиіс. Себебі, бағасы 100-120 миллиард теңгеге шығады. Суды тұтыну жоғарылады. Бұрын күніне бір шелек су жеткілікті болса, қазір енді бес-он шелек кетеді. Су баспау үшін дренаждық жүйемен айналысамыз. Ол енді кәріз жүйесінің бағасындай болмайды. Оны облыстық бюджеттен көтере аламыз, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ облыс әкімі орталық қазандық құру туралы ұсыныс талдау жасауды ететінін атап өтті.
– Мысалы, біз Железин аудан ортылығында орталықтандырылған қазандық құрдық. Бұл – мықты шаруашылықтар мен көптеген бизнес нысандары бар, экономикасы мықты аудан. Бұл жерде қазандықтың құрылысы арзанға түспейді, болашақта тарифті төлей алатын адамдар болса, қарастырамыз. Ауылда тұратын адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту – дұрыс қадам. Бұл сұранысқа ие жоба болса, қолдаймыз, – деп түйіндеді аймақ басшысы.
Айта кетейік, ауданда тұрғындардың ауызсуға қолжетімділігі 98% пайызды құрайды. 17 ауылдық елді мекен сумен қамтамасыз етілген. Әлі Жаңатілек, Хасен Сейітқазин, Еңбекші, Ферма 1 (Қарабұлақ) және Ферма 2 (Жалтыр) ауылдары таза ауызсуға қол жеткізе алмай отыр. Аталған мәселені шешу үшін келесі жылы Май ауданына топтасқан су құбыры желілерін салу үшін қаражат жоспарланған.