Ұлы баба мұрасы: Мәшһүр Жүсіп кешеніне – 20 жыл

Ұлы баба мұрасы: Мәшһүр Жүсіп кешеніне – 20 жыл
Фото: Валерий Бугаев

Павлодар облысының Баянауыл ауданында қазақтың ұлы ойшылы, ақын әрі ағартушысы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мемориалдық кешені ашылғанына 20 жыл толуына орай «Мәшһүр Жүсіп кесенесі – рухани мұра» тақырыбында дөңгелек үстел өтті,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Іс-шараға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар, өлкетанушылар, зиялы қауым өкілдері мен Мәшһүр Жүсіптің ұрпақтары қатысты.

Кездесу қатысушылары алдымен кесенеге барып, ұлы бабаның рухына тағзым етті. Кейін мемориалдық музейде бас қосып, кешеннің салыну тарихы, тарихи-мәдени және рухани маңызы туралы пікір алмасты. Сонымен қатар, оның бой көтеруіне үлес қосқан азаматтар мен Мәшһүр Жүсіптің ұрпақтары естеліктерімен бөлісті.

Мемориалдық кешен 2006 жылы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мамандарының қатысуымен ашылған. Содан бері ол өңірдегі маңызды рухани орталықтардың біріне айналып, зиярат етушілер мен туристер жиі келетін орын ретінде танылды.

Ұлы ойшылдың мұрасын сақтау және насихаттау бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. 2023 жылы Мәшһүр Жүсіп шығармаларының 10 томдық жинағы жарық көрді. Ал өткен жылы музей жанынан конференц-зал салынды.

Облыс әкімі Асайын Байханов Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының халқымыздың рухани болмысын айшықтайтын бірегей тұлға екенін атап өтті.

– Оның бай әдеби және ғылыми мұрасы, терең философиялық еңбектері, қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүріне қатысты танымдық дүниелері – баға жетпес қазына. Шығармалары бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпай, өскелең ұрпаққа даналықтың қайнар көзі, адамгершілік бағдар және рухани тәрбие құралы болып отыр. Осындай қасиетті орындарды сақтау, туған өлкенің тарихын зерделеу және рухани құндылықтарды жас ұрпаққа аманат ету – баршамызға ортақ жауапкершілік. Алдағы уақытта мемориалдық кешеннің тарихи-мәдени маңызын арттыруға, туристік әлеуетін дамытуға және ұлы бабамыздың мұрасын кеңінен насихаттауға ерекше көңіл бөлетін боламыз, – деді облыс әкімі.

Іс-шара соңында қатысушылар мемориалдық музей экспозициясын аралап, ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына қатысты жәдігерлермен танысты.