Сөйлемейтін қызды сомдаған павлодарлық актриса халықаралық деңгейде үздік атанды

Сөйлемейтін қызды сомдаған павлодарлық актриса халықаралық деңгейде үздік атанды
Фото театрдан

Дильназ Қиятова «Екінші пландағы әйел рөлі» номинациясында жеңіске жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жанат Хаджиев атындағы VI халықаралық театр фестивалінде Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры көрерменге Бертольт Брехтің «Пері қатын» драмалық абсурдын ұсынды. Қойылымның режиссері – Азия және Еуропа елдеріндегі көптеген театр ұжымдарымен жұмыс істеген, тәуелсіз режиссер Овлякули Ходжакули.

Фестиваль қорытындысы бойынша, «Пері қатын» қойылымындағы Балауса қыздың рөлін шебер сомдаған актриса Дильназ Қиятова «Екінші пландағы әйел рөлі»номинациясында жеңіске жетіп, үздіктер қатарынан көрінді. 

– Бұл менің театрдағы өсу процессімнің нәтижесі деп білем. Бұйырса бұдан да биік жетістікке жете алатыныма жолымды ашты деп білемін, – деді Дильназ Қиятова.

Марапат алған сәт – Дильназ үшін ұмытылмас әсерге толы болған.

– Менің атымды атап, сахнаға шақырғанда сенбей, орнымда тұрып қалдым. Көзіме жас келіп, сахнаға шыққанда «шынымен мен бе?» деп сұрап үлгердім. Кейін ата-анама қоңырау шалып, марапатымды көрсетіп, қуанышыммен бөлістім. Бұл – ішімдегі кішкентай Дильназдың үлкен қуанышы болды, – дейді театр әртісі.

Фестивальге сегіз театр қатысып, номинацияға әрқайсысы үміткер болған. Өнер иесі дайындығы кезінде үлкен сынақтармен бетпе-бет келгенін де айтып өтті.

– Төрт ай ішінде мылқау қыз Балаусаның бейнесін толық зерттеу оңай болмады. Сөйлей алмайтын жандардың өмірге деген көзқарасын білуге тырысып, пластикамен жұмыс істеу үшін биге көп уақыт бөлдім. Әр сезімді сөзсіз жеткізу керек болды – бұл нағыз актерлік шеберліктің мектебі болды, – дейді ол.

Сондай-ақ, қойылымда эмоцияларды жеткізудің ерекше тәсілдері пайдаланылған. Өз кезегінде бұл әртістен үлкен жауапкершілікті талап етті.

– Құстың биі, гүлдің биі, солдаттардың өлімі, қорқыныштан қашу сәттері – бәрі пластикалық тілмен көрсетілді. Бұл – әртіс үшін өте үлкен жауапкершілік, – дейді ол.

Дильназ Қиятованың айтуынша, режиссер Овлякули Ходжакули оған үлкен шығармашылық еркіндік беріп, сенім артқан.

– Ол: «Сен басты кейіпкерсің. Қалағаныңды істе, еркін бол» – деп мені қанаттандырды. Рөлімді пластикамен жеткізгенімді ұнатып, шектеу қоймады. Бұл мен үшін ұмытылмас процесс болды, — дейді өнер иесі.

Бар болғаны 20 жастағы Дильназ Қиятова бұл марапатты болашаққа бастар жол деп қабылдайды.

– Бұл менің қолымнан бәрі келетінін көрсетті. Кішігірім мотивация болса да, мен үшін үлкен мәні бар. Алда әлі талай рөлдер, талай фестивальдер бар. Театрымыздың әр қойылымы көрермен асыға күтетіндей болуына атсалысамыз, – дейді Дильназ Қиятова. 

Айта кету керек, театр ұжымын алда тағы бір маңызды өнер додасы күтіп тұр. 23–27 қыркүйек күндері Ақтөбе қаласында Қ.Шаңғытбаевтың 100 жылдығына арналған VII халықаралық «Balausa» экспериментальді спектакльдер фестиваліне қатысу жоспарланған.

Еске сала кетейік, биылғы маусымды өнер ордасы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орайластырып, Мұхтар Әуезовтің «Ерте ояндым, ойландым... Жас Абай» қойылымымен ашты. Сонымен қатар, 7 желтоқсан күні облыстық театрға 35 жыл толады. Осы орайда өнер ордасында көптеген жылдар бойы жұмыс жасаған Бекболат Оқасовты еске алу кеші ұйымдастырылады.