Ұлттық құндылық ұлықталған байқауда павлодарлық қос бүлдіршін топ жарды
Павлодар қаласындағы №122 мектепке дейінгі гимназияда Республика күніне орай ауқымды байқау өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ұлттық және табиғи материалдардан жасалған киімдер дефилесі» атты ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін шыңдауға бағытталған сайысқа мектепке дейінгі гимназияның әртүрлі топтарынан онға жуық тәрбиеленуші ата-аналарымен бірге қатысты. Байқау қорытындысы бойынша Альмира Жусупова мен Альмина Байтанатова Бас жүлдеге ие болды.


Білім беру ұйымы өкілдерінің айтуынша, байқаудың негізгі мақсаты – балалардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, Қазақстанның ұлттық құндылықтары мен көрікті жерлерін таныту, бүлдіршіндердің шығармашылық қабілеттерін дамыту және отбасылық ынтымақтастықты нығайту.
Сайыс үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде балалар ата-аналарымен бірге сахнаға шығып, өздері дайындаған киім үлгілерін көпшілік назарына ұсынды. Екінші кезеңде киімнің атауы, жасалу жолы мен қандай тақырыпты бейнелейтіні таныстырылды. Ал үшінші кезеңде қатысушылар Қазақстан, Республика күні, ұлттық дәстүрлер мен еліміздің көрікті жерлері туралы сұрақтарға жауап берді.
Байқаудың басты ерекшелігі – әрбір киім үлгісінің артында ата-ана мен баланың бірлескен еңбегі, шығармашылық ізденісі мен қиялы жатты. Қатысушылар ұлттық ою-өрнектерді, табиғи және қайта өңделетін материалдарды пайдалана отырып, ерекше сәндік үлгілер ұсынды.
Бас жүлдеге ие болған қос бүлдіршіннің сахналық образдары да өзіндік ерекшелігімен көзге түсті.
Альмира Жусупова «Ұлы дала ханшайымы» бейнесінде сахнаға шықты. Қызыл және ақ түстер үйлескен көпқабатты көйлек, алтын түсті ұлттық ою-өрнектер мен ерекше бас киім қазақ қызына тән нәзіктік пен салтанатты айшықтады. Образдағы әрбір түстің өзіндік мағынасы бар. Қызыл түс – жігер мен батылдықты, ақ түс – тазалық пен пәктікті, ал алтын түсті ою-өрнектер халқымыздың бай тарихы мен мәдениетін бейнелейді.
Бұл киім үлгісінің ерекшелігі – оның барлық бөлшегін анасы өз қолымен ойластырып, тігіп, безендірген. Анасы мен қызы сахналық образды ерекше ықыласпен бірге дайындаған. Таныстыру барысында ұлттық киімнің мән-мағынасы кеңінен ашылып, ұлттық мұраны дәріптеу баланың еркін дамуына кедергі емес, керісінше, оның өз тамырын танып, тарихын білуіне жол ашатыны атап өтілді.


Ал Альмина Байтанатова күміс-сұр түсті ерекше сәндік киімімен көрермен назарын аударды. Көйлектегі алтын түсті ою-өрнектер, сәндік қанаттар мен сәулелі бас киім сахналық образға ертегілік сипат беріп, кішкентай ханшайымның бейнесін толықтырды.
Альминаның анасы Айнұр Байтанатованың айтуынша, костюмді дайындауға төрт күн уақыт кеткен. Киімнің барлық бөлшегі мен әшекейлері өз қолдарымен жасалып, әрбір ұсақ-түйегіне дейін мұқият ойластырылған.
– Қызыммен бірге осындай байқауға қатысу біз үшін ерекше сезімге толы болды. Киімнің әрбір бөлшегін өз қолымызбен жасап, бар ынтамызды салдық. Әрине, оңай болған жоқ. Дегенмен қызымның сахнаға шығып, өз өнерін көрсетіп тұрғанын көру – біз үшін үлкен бақыт. Бас жүлдеге ие болуымыз еңбегіміздің бағаланғанын сездірді. Осындай байқаулар балалардың қабілетін ашып қана қоймай, ата-ана мен баланың арасындағы байланысты нығайтады. Ең бастысы, балаларымыз ұлттық құндылықтарымызды танып, оны мақтан тұтып өссе екен дейміз, – деді Айнұр Байтанатова.


Байқау барысында қатысушылардың ұлттық киімдері ғана емес, сахна мәдениеті, таныстыру шеберлігі, шығармашылық қабілеті мен отбасылық ынтымақтастығы да назарға алынды. Әр отбасы өз туындысы арқылы ұлттық нақыштың заманауи үлгіде де көрініс таба алатынын көрсетті.
Іс-шара соңында байқау қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.