Павлодарлық оқушылар бір күнге театр актерларына айналды
Жас таланттардың шығармашылығына өнер майталмандары баға берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
М.М. Катаев атындағы оқушылар сарайында облыстық театр өнері фестиваль-байқауы аясында «Театрдың ғажайып әлемі» атты байқау өтті. Шараның мақсаты – балалар мен жастардың театрлық шығармашылығын қолдау және дамыту, сонымен қатар, рухани-адамгершілік және эстетикалық тәрбиені қалыптастыру.
«Театрдың ғажайып әлемі» жобасына жалпы орта және қосымша білім беру ұйымдарының 21 театр ұжымы қатысты. Қашықтықтан қатысқан конкурсанттардың жасы 8-ден 17 жасқа дейін болды. Байқау «Драмалық спектакль», «Музыкалық спектакль», «Әдеби-музыкалық композиция» және «Қуыршақ спектаклі» номинациялары бойынша өтті.
Қатысушылардың жұмыстарын белгілі театр өнері қайраткерлері бағалады, олардың ішінде Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театрының режиссері Жангелді Садықов, М.М. Катаев атындағы оқушылар сарайы басшысының орынбасары Ғалия Иманбекова және «Амплуа» шығармашылық студиясының жетекшісі Жақсыбек Ешімқұлов бар.
– Фестиваль барысында қатысушылар өздерінің жоғары актерлік шеберлігін, сахналық мәдениетті көрсетті. Олар өздерінің шығармашылық қабілеттерін шыңдап, қазылар алқасынан құнды кеңестер алды, бұл оларға болашақта дамуына көмектеседі, – дейді көркемөнер бөлімінің жетекшісі Жанар Калтаева.
Байқау нәтижесінде «Драмалық спектакль» номинациясы бойынша екібастұздық «Маска» театр студиясы «Принц и Чудовище» және павлодарлық «COOL-ART» театры «Зайка-Зазнайка» спектаклдерімен бірінші орынды бөліп алды. «Әдеби-музыкалық композиция» номинациясы бойынша баянауылдық «Табиғат қорғаушылары» шығармашылық ұжымы «Табиғатты аяла!» әдеби қойылымымен бірінші орынға ие болды.
«Қуыршақ спектаклі» номинациясы бойынша павлодарлық «Театр әлемі» театры «Бауырсақ» ертегісімен ерекшеленсе, бас жүлдені Қалижан Бекқожин атындағы мектептің «Жас өнер» театры «Қоянның үйі» спектаклімен бас жүлдені ұтты. Олар республикалық фестиваль-байқауында облысымыздың намысын қорғайды.