Павлодарда археологиялық зерттеулер институты жөнделеді
Жұмыстар екі жылға созылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқу орны жанындағы археологиялық зерттеулер институтының ескі ғимаратына реставрациялық жұмыстар жүргізу басталды. Тарихи нысанды «Тұран тарихи-мәдени зерттеулер орталығы» ЖШС қайта қалпына келтіреді.
Құрылыс жұмысының жетекшісі Мақсат Биляловтің сөзінше, қазір нысанды демонтаждау жұмысы жүргізілуде. Атап айтсақ, ғимараттың шатыры, жертөлесі, кабинеттері тазалануда.
– Реставрация жұмысы екі жылға жалғасады. Алдымен шатырын ауыстырып, ғимараттың ішкі бөлігін жаңартамыз. Сонымен қатар, электр желілері мен құбырлары толық ауыстырылады. Одан бөлек нысанның алдына қосымша ғимарат салынады. Одан кейін сыртқы қасбетін қайта қалпына келтіріп, өңдеу, бояу жұмысы жүргізіледі, – дейді ол.
Айта кету керек, археологиялық зерттеулер институтына қарасты ескі ғимарат тарихи маңызы зор нысан болып саналады.