Ұлттық өнердің ұлы салтанаты: 350 жас домбырашы Ертіс даласын күйге бөледі
Павлодарда «Күй шебері – 2026» облыстық домбыра ансамбльдерінің дәстүрлі байқауы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
М.М. Катаев атындағы облыстық оқушылар сарайының сахнасында өткен өнер додасын облыстық білім басқармасы мен оқушылар сарайы ұйымдастырып отыр. Аталмыш шараға өңірдің 40 ансамблінен 350 жас домбырашы өнер көрсетті. «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында ұйымдастырылған байқауда жас күйшілер қазақтың дәстүрлі күйлерін орындап, ұлттық өнерді ұлықтады.

Байқауға өңірдің әр ауданындағы білім беру ұйымдарынан келген домбыра ансамбльдері қатысты. Жас өнерпаздар халық композиторларының шығармаларын орындап, өз шеберліктерін ортаға салды.
– Бұл – ұлттық өнеріміздің өміршеңдігі мен ұрпағымыздың өсіп келе жатқанының белгісі. Қазақтың үні үзілмесін, домбыраның қоңыр үні әр шаңырақта шырқала берсін. Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра, – деді шараны ұйымдастырушылар.
Байқауға Баянауыл ауданынан Ш.Айманов атындағы мектептің 8 «А» сынып оқушысы Ботагөз Рамазанова да қатысты. Ол ансамбль құрамында тоғыз өнерпаз болып келгенін айтты.
– Сахнада халық күйі «Тепенкөкті» орындадық. Бұл шығарма аңыздағы көк атқа, оның шабысына арналған. Байқауға екі ай бойы дайындалдық. Өзім оннан астам күй орындаймын. Олардың қатарында «Қосалқа», «Тепенкөк», «Ерке сылқым», «Қосбасар», «Секіртпе», «Балбырауын» бар, – деді жас домбырашы.
Байқау қорытындысында Ертіс ауданындағы Ертіс балалар өнер мектебінің «NOVA» ансамблі Бас жүлдеге ие болды. Фаиз Назмитдинов жетекшілік ететін ансамбль құрамында 20-ға жуық жас домбырашы бар. Өнерпаздар «Amanat» күйін орындап, қазылар алқасы мен көрермендердің жоғары бағасына ие болды.

Айта кетейік, «Күй шебері» байқауы 2014 жылдан бері өткізіліп келеді. Байқау балалар шығармашылық ұжымдарының тәжірибе алмасуына, мәдени байланысты нығайтуға және өңірдің жас таланттарын үлкен сахнада танытуға мүмкіндік беріп келеді.