Ертіс ауданында әдеби кейіпкерлердің шеруі өтті

Ертіс ауданында әдеби кейіпкерлердің шеруі өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Шара аудан тумасы, ақын әрі әртіс Иса Байзақовтың 125 жылдық мерейтойына арналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, байқау барысында кітап беттерінен шыққан кейіпкерлер сахна төрінде қайта өмірге келіп, көрермендерді әдебиеттің таңғажайып әлеміне жетеледі.

Әр мектеп таңдаған әдеби шығармасының кейіпкерлерін екі-үш минут ішінде сахналық қойылым арқылы ұсынды. Ертегілер мен ұлы туындылардың қаһармандары көрермендерді өз тағдырларымен баурап, орындаушылар кейіпкерлердің мінезін, ішкі жан дүниесін шебер жеткізе білді. Ерекше тігілген костюмдер көріністің әсерін арттырды.

– Байқаудың ерекшелігі – көрермендер QR-код арқылы өздеріне ұнаған қойылымға дауыс беріп, интерактивті түрде қатыса алды. «Көрермендер көзайымы» сыйлығына №3 Ертіс орта мектебі ие болды. Олар А.С. Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан сахналық көрініс ұсынып, ең көп дауыс жинады, – делінген хабарламада.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Шоқан Уәлиханов мектебінің оқушыларына бұйырды. Олар Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» поэмасынан үзінді ұсынып, жоғары бағаға ие болды. Жеңімпаздар І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Шара көрермендерге әдебиеттің құдіретін сездіріп, әр кейіпкердің бейнесі арқылы жүректе терең ой қалдырды.