«Әділет» партиясында жаңа Конституцияның күшіне енуі талқыланды

«Әділет» партиясында жаңа Конституцияның күшіне енуі талқыланды
Фото: adilet-partiyasy.kz

Жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты «Әділет» партиясы активінің кездесуі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жиынға партияның Саяси бюросы мен Саяси кеңесінің мүшелері, сондай-ақ еліміздің барлық 20 өңірінің өкілдері бейнеконференция арқылы қатысты.

Кездесуді ашқан партия төрағасы Айбек Дәдебай жаңа Конституцияның күшіне енуі мемлекет дамуының маңызды кезеңі екенін атап өтті.

– Бүгін – Қазақстан үшін сондай айтулы белес. Елімізде Жаңа Конституция күшіне енді. Бұл – жай ғана құқықтық оқиға емес, Қазақстанның тарихи дамуындағы жасампаздық пен жаңғыру жолының бастауы, – деді Айбек Дәдебай.

Кездесуде мемлекеттік басқаруда конституциялық қағидаттарды іске асыру, заң үстемдігін нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғау, адами капиталды дамыту, цифрландыру және қоғамның шешім қабылдауға қатысуын кеңейту мәселелері талқыланды.

Партияның Саяси кеңесі мен Конституциялық комиссиясының мүшесі Бөріхан Нұрмұхамедов жаңа Конституцияның қабылдануының саяси маңызына тоқталды.

– «Әділет» партиясы жаңа Конституцияның партиясы ретінде дүниеге келді. Оның конституциялық референдумнан кейін пайда болуының терең саяси мәні бар, – деді Бөріхан Нұрмұхамедов.

Лаура Қарабасова Ата Заң білім, ғылым және адами капиталдың елдің ұзақ мерзімді дамуы үшін маңызын арттыратынын айтты.

– Бүгінде біз адами капитал мен ғылыми әлеует мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының негізгі факторына айналған тарихи кезеңде тұрмыз. Жаңа Конституция білім мен ғылымның рөлін жаңа деңгейге көтереді, – деді ол.

Талқылаудың бір бөлігі конституциялық құндылықтарды іс жүзінде жүзеге асыруға арналды. Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының президенті, Саяси кеңес мүшесі Эмин Әскеров әлеуметтік кәсіпкерліктің әділдік пен тең мүмкіндіктер қағидаттарын ілгерілетудегі рөлін атап өтті.

Ал Саяси кеңес бюросының мүшесі Замира Кузиева жаңа Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, заң үстемдігін нығайтатынын айтты.

– Жаңа Конституция – бұл әділетті, жауапты, заманауи мемлекет құру жолындағы маңызды қадам. Ол әрбір азаматтың құқығы мен еркіндігін қорғауды, заң үстемдігін күшейтуді және мемлекет жұмысының басты өлшемі адам мүддесі болуы тиіс екенін айқын көрсетеді, – деді Замира Кузиева.

Цифрлық трансформация мәселесіне тоқталған Саяси кеңес мүшесі Нұрбек Матжани партия өз қызметіне цифрлық шешімдерді жүйелі түрде енгізіп жатқанын жеткізді.

– «Әділет» партиясы өз алдына цифрлық партия болу міндетін қойып отыр, алғашқы қадамдарымыз да жаман емес. Тәуелсіз Қазақстан тарихында бірінші болып партияны тіркеу сатысында цифрлық шешімдерді сәтті қолданды, – деді Нұрбек Матжани.

Талқылауды Саяси кеңес бюросының мүшесі, журналист Ирина Тен қорытындылады.

– «Жаңа Конституция – Жаңа дәуір» деген атау жай ғана ұран емес. Бұл – Қазақстанның болашағына, мемлекет пен қоғамның жаңа сапасына, азамат құқығы мен адам қадір-қасиетіне деген жаңаша көзқарастың көрінісі, – деді Ирина Тен.

Жиын соңында Айбек Дәдебай партияның негізгі басымдығы жаңа Конституция қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асыру екенін айтты.

– «Әділет» партиясы қоғаммен және азаматтарымызбен бірге осы жауапты миссияны орындауға толық дайын. Жаңа Конституцияның қағидаттары біздің қызметіміздің негізінде жатыр. Біз жинаған тәжірибе мен қолдағы барлық ресурстар осы қағидаттарды іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталады, – деп түйіндеді Айбек Дәдебай.

Кездесу қорытындысында партияның Саяси кеңесі Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының күшіне енуіне байланысты мәлімдеме қабылдады. Сондай-ақ «Жаңа Конституция – Жаңа дәуір» атты қоғамдық-саяси іс-шаралар циклі басталып, алдағы уақытта партия өкілдері еліміздің барлық өңірінде азаматтармен және сарапшылар қауымдастығымен кездесулер өткізеді.