Әлемдегі ең үлкен айсберг жойылып кетуі мүмкін
Әлемдегі ең үлкен аумақ – 4,2 мың шаршы метрді алып жатқан А23а айсбергі орнынан қозғалып, Оңтүстік мұхитқа жылжып барады. Осыған байланысты алдағы айларда алып айсбергтің көлемі азайып, жойылып кету қаупі жөнінде айтыла бастады, деп хабарлайды Kazinform ТАСС-қа сілтеме жасап.
Арктика және Антарктика ғылыми-зерттеу институтының (ААҒЗИ) баспасөз қызметінің мәліметінше, мұз және гидрометеорологиялық ақпарат орталығының (МГМАО) мамандары айсбергтің алдағы айда Скош теңізіне енетініне болжам жасап отыр. Сол кезде айсберг жойылып кетуі мүмкін.
1986 жылдың қыркүйегінде Фильхнер мұздығынан үлкен мұз массиві бөлінген. Сол орында үш алып айсберг пайда болған. Мұздықтың бірінде «Дружная-1» маусымдық базасы орналасқан. Қайраңнан бөлінгеннен кейін айсберг антарктикалық Уэдделл теңізінің оңтүстігіндегі құрлыққа тез жетіп, мұзды аралға айналған. Ал, 2023 жылдың жазында айсберг су ағындарының әсерінен алғаш рет орнынан қозғалды.
Антарктиканың қысқы кезеңінде айсберг Антарктика түбегінің жағасымен қозғалған. Мұздықтың жергілікті айналымының қашықтығы 1 118 теңіз мильге (2 070 шақырым) жеткен. Бұл Санкт-Петербургтен Краснодарға дейінгі аралықтытағы қашықтыққа сәйкес келеді. Дрейф кезінде айсберг алаңында айтарлықтай шығын болмаған.
«A23a айсбергін Брансфилд бұғазынан шығысқа қарай ағып жатқан мұхит ағыны шайып, одан әрі Оңтүстік Оркней жағалауымен Скош теңізіне апарады деп күтіліп отыр. Одан әрі антарктикалық циркумполярлық ағындағы желдің, толқын мен жылы мұхит суының әсерінен «өмір» сүруін тез тоқтатады. Алайда, А23a айсбергінің Уэдделл циклінің жүйесінде қалуы мүмкін екенін әлі де жоққа шығаруға болмайды. Бұл жағдайда мұздықтың «өмірі» тағы бірнеше жылға созылады», - деп нақтылады Арктика және Антарктика ғылыми-зерттеу институтының (ААҒЗИ) баспасөз қызметі.
Арктика және Антарктика ғылыми-зерттеу институты – жердің полярлық аймақтарын зерттейтін жетекші әлемдік ғылыми орталық. Институттың ғылыми бөлімшелері климатты, атмосферадағы, таяу ғарыштағы, теңіз ортасы мен мұз қабатындағы процестерді іргелі және қолданбалы зерттеулермен айналысады.