20 жыл асфальт ауыстырылмаған: Екібастұзда балабақшаның аумағы жаңартылды
Кеншілер шаһарындағы жеті білім беру нысанында асфальт төсеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұзға барған жұмыс сапары барысында №9 балабақша гимназиясына кіріп шығып, жүргізіліп жатқан жөндеу жоспарларымен танысты.
– Балабақшаның құрылыс кезеңінен бастап жол тек алдында ғана болған. Ескі асфальт жиырма жыл тұрған. Биыл міне, жасалып, жақсы болып қалды, – деді №9 балабақша гимназиясы басшысының міндетін атқарушы Гүлнар Мақанова.
Аймақ басшысы 2022 жылы Павлодар қаласынан әлеуметтік нысандардың аумағын асфальттау бойынша тәжірибе іске асқанын жеткізді.
– Биыл Екібастұзда бұл тәжірибе алғаш рет енгізіліп отыр. Барлығы 20 мектеп пен 25 балабақша бар. Асфальттауды екі жылда аяқтауға болады, – деді Асайын Байханов.
Екібастұз қаласы білім беру бөлімінің басшысы Лаура Дисюпованың сөзінше, биылғы жоспарланған 22 нысанның ішінен жеті білім беру мекемесінің ауласында асфальт төселді. 2024 жылы кеншілер шаһарында 13 балабақшаның аумағында жол жасалады, ал 12 нысан келесі жылға қалады. Асайын Байханов әкімдікке 2025 жылда асфальттауды қажет ететін әлеуметтік нысандарды тізімге енгізуді тапсырды.