2012 жылдан бері Павлодар облысында 50-ден астам ауылдық елді мекен жойылған
Бұл жағдай жер салығының өсуіне алып келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тап болатын негізгі мәселелерді көтерді. Соның бірі – жер мәселесі. Ол нормативтік-құқықтық актілердің өзгеруіне байланысты шаруалар пайдаланатын жері үшін салықты миллиондап төлеуге тиіс. Мәселе кәсіпкерлердің өңірлік палатаға жазған ұжымдық өтінішінен кейін белгілі болған. Онда фермерлер жер учаскелерінде базалық салық мөлшерлемесінің өзгеруіне келіспейтінін жеткізген.
Шаруалардың жанайқайына «дөңгелек үстел» отырысында Павлодар облысы ӨКП директоры Ерқанат Әбенов құлақ түрді.
- 2012 жылдан 2019 жылға дейін жергілікті атқарушы билік органдарының бірлескен қаулысымен және өкілді органдардың шешімімен Павлодар облысында 58 ауылдық елді мекен жойылды. Олардың облыс бойынша таратылуына байланысты кейбір келешегі жоқ ауылдар жақын маңға қосылды. Ал шаруа және фермер қожалықтарына тиесілі ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер елді мекендердің жерлері санатына жатқызылды, – деді Ерқанат Әбенов.
Палата директорының айтуынша, бұл жағдай жер салығы сомасының өсуіне алып келген. Өйткені есептеу бұрынғыдай емес, бір шаршы метр жер бір гектарға есептелген. Мысалы, бұған дейін Ақсу қаласының М.Омаров ауылдық округінде шаруа қожалығы ауданы 2079 гектар болатын төрт жер учаскесіне 28 мың теңге салық төлеген болса, ал бүгінде оған 17 миллион теңге салынған.
Павлодар облысының жер қатынастары басқармасының бөлім бастығы Нұржан Мұқанов 2018 жылы Салық кодексіне өзгерістер енгізілген кезде, онда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге бонитет баллы бойынша, яғни гектар үшін салықты есептеуге көмектесетін бап алынып тасталғанын түсіндірді.
Сондықтан, егер олардың жерлері елді мекендерде болса, олар енді бұл салықты бір шаршы метрге төлеуі керек.
- Шартты түрде айтқанда, бір гектарға – он мың шаршы метрге 50 мың төлесе, қазір 10-15 миллион төлейді. Менің ұсыныстарым мынадай - бірінші ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер салық кодексіне сәйкес арнайы салық режимін қолдана алады. Яғни, олар арнайы салық режимін өзгерту үшін уәкілетті органға (өз ауданы немесе қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына) жүгіне алады. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жеңілдік сияқты. Онда, егер олар арнайы салық режимін қолданатын болса, оларға салықтың басқа түрлері қолданылмайды. Яғни көлікке, қоршаған ортаға эмиссияға, жер салығына және басқа төлемдерден босатылады, – деп атап өтті Нұржан Мұқанов.
Шенеуніктің екінші ұсынысы – бұрын жойылған немесе басқалармен біріктірілген ауылдардың шекарасынан тыс жерлерді белгілеу.
Елді мекеннен тыс жерлерде болатын аумақтар ауыл шаруашылығы мақсатындағы санатқа жатады, олардан бөлініп, қор мен кәсіпкерлік үшін пайдаланылатын болады.
- Үшіншісі – салық кодексіне осы норманың қайта оралуы үшін өзгерістер енгізу және кәсіпкерлердің елді мекендердегі жерлерге төлемі, бұрынғыдай, бонитет баллымен есептелді, – деп қосты ол.
«Атамекен» палатасы директорының пікірінше, үш нұсқаның ішіндегі ең дұрысы және ақылға қонымдысы – шекараны өзгерту.
- Мәселе жойылған ауылдар мен жерлерді бір санаттан екінші санатқа ауыстыру туралы болып отыр. Бұл жылдам әрі оңай жол, – деді Ерқанат Әбенов.
Өз сөзінде директор алгоритмді түсіну және әзірлеу қажет екенін, оны қалай және қандай мемлекеттік органдар жасайтынын атап өтті.